Оралда кәріз желілері жаңартылып жатыр

Оралда 400 шақырымға жуық кәріз желісі болса, оның 60% тозып тұр.

Соның салдарынан кейінгі жылдары техникалық апат жиілеп кетті. «Желілерді жаңғырту жұмыстары кешенді жоспар аясында жүргізіледі», - дейді әкімдік өкілдері.

Қазір екі бірдей кәріз-сорғы станциясы жөнделіп жатыр. Бұл жобаларға бюджет есебінен 4 млрд астам теңге жұмсалды. Тиісті жұмыстар келер жылы аяқталады.

Сонымен қатар енді ғана бой көтеріп жатқан Ақжайық шағын ауданында жаңа кәріз-сорғы станциясының құрылысы басталды.

Данияр Оспан, қала әкімдігінің баспасөз хатшысы:

- Бұдан бөлек тағы 5 кәріз-сорғы станциясын қайта құру бойынша жобалар жасақталып жатыр. Олар аяқталып, сараптаманың оң қорытындысын алған соң, бұл жобалар да басталу қажет алдағы жылы. Қала енді жылдан жылға өсіп келе жатыр. Халық саны да өсіп келе жатыр. Осыған орай осы кәріз-сорғы станцияларын жөндеу, қайта құру арқылы жалпы кәріз жүйесін біркелкі қалыпқа келтіру жоспарланған.