Ақтөбеде еңбегі ерен волонтерлер марапатталды
Қызметіне пұл сұрамай, қоғамның алғысын алумен шектелетіндер қатары соңғы жылдары өңірде артып келеді.
Қоғамда «еріктілер мәдениеті» қалыптасқанын қайырымдылық бірлестіктердің байырғы мүшелері де мойындап отыр. Әсіресе коронавирус белең алған сәтте жүздеген волонтер дәрігерлермен күрестің алғы шебінде жүрді.
Алтынай Жалғасбаева үшін волонтерлік қызмет өмірінің ажырамас бөлігі. Коронавирус пандемиясы кезінде қауқарсыз жандарға қол ұшын созып, артынша жоғалған адамдарды іздейтін еріктілер тобының мүшесі атанды. Екі баланың анасы қоғамдық қызметтің тұрмысқа да, жұмысқа да кедергісі жоқ, дейді.
Алтынай Жалғасбаева, волонтёр:
- Волонтер болғанға дейін инстаграмм желісінен көріп отырдым ғой адамдардың жоғалғанын. Әрдайым қалай көмектесе алады екен? Не істей аламын? Қолымнан не келеді деген сияқты. Қандай үлесімді қоса аламын? Яғни бей-жай қарап отыра алмадым. Сол себеп болды. Ешқандай да кедергі емес жұмысыма, отбасылық өміріме де.
Қазір волонтерлер тобында 35 адам мүше. Олар жыл бойы 150 рет жоғалған адамды іздеуге шыққан. Ізбасарларын да үйретуден жалықпайды. Биыл 15 бозбала мен бойжеткен алғашқы медициналық көмек көрсету, оқыс жағдайда әрекет ету әдістерін үйренді.
Алтынай Жалғасбаева, волонтёр:
- Адамдар жоғалған кезде олар көп көмегін көрсетеді. Өздерінің үлесін қосып отырады біздің оқырмандар. Ориентировка шыққан кезде, жоғалған адамның бір жерден көрген болса, есітеген болса хабарын айтып, адамның тезірек табылуына өз үлестерін қосып отырады. Сол үшін топтың атынан алғысымды айтқым келіп отыр.
Кәсіби құтқарушылар мен полицейлер де «волонтерлердің қоғамдағы орны ерекше», - дейді. Тәртіп сақшылары жыл басынан бері еріктілердің көмегімен 20 қылмыстық істі ашқан. 300-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылық белсенді жандардың арқасында әшкере болған.
Абай Жүсіпов, Полиция департаментінің бастығы:
- Ақтөбе қаласында ғана емес, біздің 12 ауданымыздың өзінің еріктілері бар. Күнделікті қосып жатқан, атсалысып жатқан әр құқықбұзушылықты немқұрайлы қарамай, күннің ыстығына қарамай, күннің суығына қарамай күн демей-түн демей біздің еріктілеріміз полиция қызметкерлерімен бір қатарда тұрып, қосып жатқан үлестері зор.
Өзгенің қайғысына бейжай қарамайтын қайырымды жандарға полицейлер құрмет көрсетті. Әсіресе хабар-ошарсыз жоғалғандарды табуға үлес қосқан волонтерлердің еңбегі ерен.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков