СҚО-да қардың он күндік мөлшері жауды

Солтүстік Қазақстан облысында қардың он күндік мөлшері жауды.

Салдарынын халық таңертең жұмысына кешікті. Ал өңірдің коммуналдық қызметі жолдарды ақ ұлпадан тазалап үлгере алмай жатыр. Қазір бұл жұмыстарға 200 техника және 300-ге тарта адам жұмылдырылған.

Қалың қардың салдарынан көшелерде көлік қозғалысы қиындап, жұрт діттеген жеріне уақытылы жете алмады. Ал жергілікті тұрғындар болса, қалың қардың түскеніне риза.

БЛИЦ:

- Бұл қарды көп күттік. Қыс болған соң, ақ ұлпаның мол болғаны жақсы емес пе ?

- Аяқ алып жүру қиындап кетті. Мұндай қар түседі деп ешкім ойламаған болар. Сондықтан уақытылы тазалап үлгермей жатыр.

Қала тазалығына жауапты қызметкерлер үшін қауырт жұмыс басталды. Олар әзір орталық көшелерді ретке келтіріп жатыр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Түні бойы жауған қар солтүстікқазақстандықтарды әбден әбігерге салды. Тіпті коммуналдық қызметтер де қазір күшейтілген жұмыс кестесіне көшті. Ал тұрғындар болса  мекеме, аула маңын қардан аршып жатыр.

Әкімдіктегі мамандардың айтуынша көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдарын ақ ұлпадан тазалауға барлық күш жұмсалып жатыр. Аталған шаруларға 200 техника және  300-ге жуық адам жұмылдырылған.

Әсем Айтулова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қала бізде тоғыз маршрутқа бөлінген. Соған сәйкес жұмыстардың барлығы атқарылады. Бірінші кезекте бізде қала бойынша орталық көшелер, әлеуметтік нысандардың маңындағы қарлар шығарылады. Одан кейін кезек бойынша басқа көшелерден де шығарылатын болады. 

Жалпы өткен түнде шаhарда жауын –шашынның он күндік мөлшері жауды. Ал, екі күннен соң  аязды күндер басталады. 

Гүлзәт Ғазизова, "Қазгидромет" РМК СҚО филиалының бөлім басшысы

- 7 желтоқсанда суық солтүстік-батыс антициклонның енуімен ауа температурасы түнде 28-33 градус аязға дейін, күндіз 23-28 градус аязға дейін күрт төмендеуі күтіледі. Одан әрі түнде 30-35 облыстың солтүстігінде 39 градус аязға дейін төмендеуі күтілуде. 

Жалпы қысқы уақытта қала жолдарын қардан тазалап, күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков