БҚО-ның Жәнібек ауданына жол салынды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Батыс Қазақстан облысының шалғайындағы Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандарына апаратын жолды жөндеу 2019 жылы басталды.

Бүгінде  Жәнібек ауданының жұртшылығы жол азабынан құтылды. Ал Сайқын ауылына барар жолдың 16 шақырымы ғана жөндеусіз қалды. Құрылысты биыл бітіруге күздегі толассыз жауын бөгет болды дейді мамандар.

Жол азабын жүрген біледі. Көктем-күздің лайсаңында жәнібектіктердің батпаққа батқан, айдалада жатқан кездері аз емес. Енді ол қиындықтың бәрі артта қалды. Шалғай ауданға тақтайдай тегіс жол салынды. Күйгенкөл ауылына қарасты Ащыөзектен өтер көпір соңғы нысан. Өткел үстіне әзірге асфальт төселмегенімен, қыста жолаушылар қиналмас үшін қозғалысты уақытша аштық, - дейді мамандар. 

Жеміс Бисенова, аудан тұрғыны:

- Бұрын Оралға бару үшін 500 км жерге бару үшін 10-12 сағат, кейде тәуліктеп жүретін едік. Қазір 5-6 сағатта жетіп келеді. Соған қуаныштымыз, жолдың жақсы болғанына. Тек енді қауіп-қатерден сақтасын деп тілейміз. 

Казталовкадан Жәнібекке және Сайқынға дейінгі аралық 245 шақырым. Бастапқы 4 жылда соның 125 шақырымы ғана салынған еді. Ұйымдастыру жұмыстарын жолға қойып, инертті материалдарды қыста әзірлеп алудың арқасында биыл бірден 104 шақырымға асфальт төселіпті. Ал Бөкей Ордасына барар жолды бітіруге күзгі толассыз жауын кедергі келтірген. 

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Осы жолға жыл басынан 9-рет келіп тұрмын. Айына бір рет осы жолды қарап жүрдім. Басқа да жолдар жетеді ғой облыста. Сондықтан да биыл 120 км 104 км Жәнібекке ашып бердік. 16 км қазір Сайқынға, Ордаға баратын жол бітпей қалды. Сол жерге қазір щебень саламыз. Қозғалыс береміз. Халық бұрынғыдай балшыққа батып, жолда қиналып жатпайтын болады.  Осылай шешім қабылдап жатырмыз. 

Облыс әкімінің Жәнібек ауданындағы есеп беру жиналысында биыл бірінші рет жол мәселесі көтерілген жоқ. Ал киіктен зардап шеккен шаруаларға көмектесу, ауыл кәсіпкерлерін қолдау, электр желілерін жаңарту жайы алдағы жылдары шешімін таппақ.

Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмудов