Атырау қаласы 5G интернет желісімен 100% қамтылатын болады

Келер жылы Атырау қаласы 5G интернет желісімен 100% қамтылатын болады.

Ол үшін шаһарға жалпы саны 40 базалық станция қойылады. Бұл жөнінде бүгін аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын жариялаған облыс әкімі Серік Шәпкенов айтты.

Халықтың 99 пайызы көгілдір отынмен қамтылған Атырау облысында таза ауыз су мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Тіршілік көзінен тұрғындар таршылық көрмес үшін жергілікті билік Қоянды су құбырының 6 ұңғымасын салған. 284 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған жоба есебінен Құрманғазы ауданындағы Азғыр ауылының 6 мыңнан астам тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізді.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- Қиғаштан алынатын судың көлемін арттыру бойынша «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбырын жаңғырту жұмыстары басталды. Биылдың өзінде 175 шақырым магистралды су құбыры жаңғыртудан өтіп жатыр. Бұл негізінен 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге дейін өсіруге мүмкіндік береді.

Газдан бөлек Атырау облысының тұрғындары толық интернет желісімен де қамтылған. Елордаға келіп есеп берген өңір әкімі осылай деді. Бүгінде 153 ауылдың 132-інде ғаламтор бар. Бұдан бөлек жергілікті билік өңір жолдарында да үздіксіз байланыс болуын қамтымақ жоспарда. Тағы «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 38 елді мекен тұрғындары да ғаламторға шығу мүмкіндігіне ие болады. Ал облыс орталығының халқы келер жылы 100 пайыз жаңа буынды интернет желісімен қамтыалды.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- 5G-ға Атырау қаласы келесі жылы толығымен көшеді. Биыл 8 станция қойылды. Жыл соңына дейін тағы 8 қойылады. Келесі жылы 24 станция. Осы арқылы толығымен біз 5G-ға Атырау қаласын көшіретін боламыз.

Білім беру саласында да жақсы жаңалықтар бар. Мәселен, қазір «Жайлы мектеп» жобасы аясында 15 мың 600 оқушыға арналған 9 мектептің құрылысы басталды. Ал келер жылы тағы 3 білім беру мекемесінің алғашқы кірпіші қаланады деп жоспарланған.

Авторлары: Риат Шони, Дмитрий Димитриев