«Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы қорытындыланды
Атырауда облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен “тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемалары” тақырыбында конференция өтті.
“Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз 16 күн” акциясы аясында ана мен баланы қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау мәселесі талқыланды. Мамандардың сөзінше заңдағы өзгерістер мен толықтырулардан кейін зорлық-зомбылық дерегі азайған.
Өңірде жыл басынан бері отбасылық және тұрмыстық қарым-қатынас бойынша 6 мыңға жуық хабарлама түскен. Соттың шешімімен отбасы тыныштығын бұзған 2500-ден астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қамауға алынғандарымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ал зорлық-зомбылық көрген әйелдер дағдарыс орталығына орналастырылған.
Раиса Айтжанова, жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы:
- Өмірдің қиын жағдайына қалған әйелдердің уақытша паналау мекемесі бар Алмагүл 4 үйдің астында орналасқан. Сол Алмагүлдегі дағдарыс орталығына жолдап жатамыз. Сол дағдарыс орталығынан өзіне әр түрлі көмектерін ала алады. Заңгерлік, психологиялық, медициналық, әлеуметтік құқық бойынша көмектерін ала алады.
Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ұйымдастырған конференцияда зорлық-зомбылықтың алдын алу, заңдағы өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. Бүгінде комиссия мүшелері жастармен жүйелі жұмысты жолға қойған. Олармен үнемі кездесулер өткізіліп тұрады.
Зәмзәгүл Жалмурзина, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспекторы:
- Біз кімдерге көбіне өсиет айтамыз, көбіне жастармен жұмыс жасаймыз. Бүгінгі шараға қатысып отырған студенттер, колледж-университет студенттері шақырылып отыр. Осы студенттерге бүгінгі шарада спикерлер тақырыптар бойынша негізгі анықтама берді деп ойлаймын.
“Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз 16 күн” акциясы аясында облыс бойынша 50-ден аса іс-шара өткізілген. Мамандар отбасындағы жанжал туралы хабарламаның ай сайын азайып келе жатқанын айтады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов