Цифрлық технологиялардың мүмкіндігі

Ел азаматтарының цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы – олардың қоғамдағы белсенділігін нығайту.

Орталық Азияның Еуразия қоры Еуропалық Одақтың қаржыландыруымен осы мақсатта 100 мыңнан астам адамға цифрлық технологиялардың мүмкіндігін түсіндірді.

Бүгінде мемлекеттен берілетін бірқатар әлеуметтік көмек түрлері бар. Алайда, сондай қолдаудың барынан бейхабар жандар көп. Зейнар Тәжиева қызылордалық қыз-келіншектердің цифрлық сауаттылығын арттырып, мемлекеттік қызметтерді онлайн алудың жолдарын үйретуде.   

Зейнар Тәжиева, «Ақ босаға» ҚБ атқарушы директоры:

- Компьютерді білмейтін аналар бар, бәрі де оқуға қатысып, өздері үлкен жетістікке жетті. Екі анамыз «Бастау бизнестен» 1 миллион 300 мың теңге ұтып алды. Тағы бір анамыз өзінің емін Алматы қаласына барып алды. Яғни, өзінің ем алуға құқы бар екенін де білмеген. Е-өтініш арқылы жазып, ем алуға мүмкіндік алды.

Жастар мен әйелдердің цифрлық белсенділігін жоғарылату арқылы – олардың қоғамдағы рөлін арттыруға болады. Бұл үрдіс азаматтар мен билік арасында көпір орнатып, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге ықпал етеді.

Анар Арынова, жоба менеджері:

- Негізінен ақпараттық жұмыстар, ақпараттық жұмыстар жүргізілді. Бүкіл Қазақстанды қамти алдық. Жобаның 10 бағыты нәтижесінде көптеген азаматтар, соның ішінде әйел азаматтар мен жастар мемлекеттік қызметтерді онлайн және Е-өтініш арқылы үйренді, көптеген негізгі мәселелерді шеше алды.

Сарапшылар мұндай үрдіс үкіметтің қоғам алдындағы жұмысын ашығырақ етіп, есеп берушілігін күшейтетініне сенімді. Жоба аясында Орталық Азияның Еуразия қоры арнайы жинақ дайындады. Онда цифрлық технологияларды меңгерген адамдардың жетістік жолы жазылған.