Атырау облысындағы «Бүркіт Сэйфти» «Алтын Сапа» сыйлығын иеленді
Компания «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымында өзгеден оқ бойы озық шығып, лауреат атанды.
Кәсіпорын жеке қорғаныс құралдарын, арнайы киімдер және газ детекторын өндіруде көшбасшы саналады. Газ анализаторын мұнай өңдеу мен құрылыс компаниялары пайдаланады.
«Бүркіт Сэйфти» қоржыны бүгін тағы бір беделді марапатпен толықты. «Алтын Сапа» сыйлығын компанияның бас директорына Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин табыстады. Сергей Деревянко «кәсіпорнымыз бұл марапат бір төбе» дейді.
Сергей Деревянко, «Бүркіт Сэйфти» ЖШС бас директоры:
- Біздің ұжым үшін бұл ерекше қуаныш. Бізге сенім артатын тұтынушыларымызға және "Атамекен" палатасына оның өңірлік басқармасына басшылыққа алғыс білдіреміз.
«Бүркіт Сэйфти» нарықта 20 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Атыраулық кәсіпорын ел өнеркәсібін сапалы жеке қорғаныс құралдарымен және арнайы киіммен қамтамасыз етіп келеді. Былтыр компания газ анализаторларының бірегей өндірісін іске қосты.
Сергей Деревянко, «Бүркіт Сэйфти» ЖШС бас директоры:
- Honeywell компаниясы өзінің серіктесінің платформасында осы өндірісті іске қосты. Бұл әлемдегі алғашқы тәжірибе. Ол не үшін қажет? Қандай пайдасы бар десеңіз, алдымен, ел ішінде өндіріс болады, сосын мұнай өндіретін және құрылыс компанияларындағы жұмысшыларды күкіртті сутектен қорғау үшін арнайы құралдар әзірленеді.
Бүгінде компанияда 350 адам жұмыс істейді. Оның 200-ден астамы өндірісте еңбек етеді. Кәсіпорын басшысының айтуынша, бүгін берілген марапат тұтас ұжымға деген сенім мен жауапкершілік.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Ерлан Наурызбаев