Желтоқсан оқиғасына биыл 37 жыл

Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан оқиғасына биыл 37 жыл.

Сан жылдар өтсе де, ызғарлы күндер әлі күнге көз алдымызда, - дейді оқиға куәгерлері. Солардың қатарында Алматымен қатар аймақтардан да талабын айтуға шыққандар бар.

Жалпы алаңға 20 мыңға жуық жас елім деп шықса, олардың 350-ге жуығы – жамбылдық қаракөз.

Ержан Еденов 1986 жылы 17-ге жаңа толған. Алматы ауылшаруашылық институтының студенті еді. 16 желтоқсанда ол да «Әр елдің өз көсемі болсын» деген талаппен алаңғы шықты. Бірақ бейбіт шерудің аяғы аласапыран боларын біріміз де білмедік. Әйтсе де тартқан азап пен тағылған айыптың өтеуі тәуелсіздік болғаны жан жұбатады, - дейді.

Ержан Еденов, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:

- Әрбір 10 метр, 8 метр жерде бір-бір адамнан сұлайып жатқан жастар. Немен ұрғанын білмеймін, күрекпен ұрғанын немесе дубинка, арматура ма, сол жерде мені әбден тепкілеп, есімнен аудырып, талдырып тастаған. Басым жарылған, қабырғам сынған, аяғым сынған. 2 аптадай сабаққа бара алмадым. Оқудан шығарып ақыры. Сөйтіп, Алматыдағы өмірбаяным солай болған. 

Көтерілістің нағыз ошағы Алматы болды. Десе де Желтоқсанның дүмпуі еліміздің әр қаласында сезіліп жатты. Солардың бірі – сол кездегі Жамбыл қаласы. 100-ге жуық студент «Менің Қазақстаным» әнін айтып, орталық алаңға қарай беттеді. Бірақ оларды орталық саябақ маңында арнайы жасақ жаншып тастады.

Санат Қонарбаев, «Желтоқсан ақиқаты» ҚБ ОФ төрағасы:

- Сарқанд дейді, Талдықорған дейді, Қарағанды, Жамбыл облысында, мінекей, шығып, сондай дүмпулер болып жатты. Олар, әрине, біздің тәуелсіздігіміздің келуіне, тәуелсіздік алуымызға бірден-бір септігін тигізді. Өйткені 15 республиканың ішінде ең бірінші болып Қызыл империяның қабырғасын сөккен, ең бірінші болып бас көтеріп, наразылық көрсеткен – осы қазақ жастары.

Гүлнәр Тоқабаева, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:

- Кейіннен қарап отырсақ, әрбір қалада тура сол 16 желтоқсан күні көтеріліске шыққан. Сонда бәрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғандай, ешкімді қырып жою, ату, соғысу деп ойлаған жоқпыз. Мүмкіндігінше айтамыз, өз еліміздің адамы билесін деген ой болды.

Әнші-композитор Әбиірбек Тінәлінің «Желтоқсан желі» әні оқиға құрбандарына орнатылған ескерткіштей болды. Бірақ туындыны жарыққа шығару үшін тұспалдап, сөз астарымен беруге тура келді. Сөйтіп, автор 1969 жылдың қысында болған жұтты жазып шықты.

Әбиірбек Тінәлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Сол күні басталды дегенді естіген күннен бастап маған ыңыл келді. Содан кейін ол ыңыл үдей бастады, үдей бастады. Мынаның талайы қырылды, ертең ата-ана жылауы бар деген мазмұнда бұл ыңылда сондай жатыр да. Ертең біздің болашағымыз не болады? Әуеннің астарында сол жатқан болатын. Соны Әбдірахман аға екеуміз ашуға тырыстық. Бірақ сөз астарымен бердік қой. Ол жерде анау қырылды, мынау қырылды деген жоқ. Жылдың ауыр болғаны, желтоқсанның өте ауыр болғанын, мені тоңдырғаны, сені тоңдырғаны, оны тоңдырғанын айтып тұрмыз.

Жамбылда талап айтуға шыққан 100-ге жуық жастың 33-і ұсталып әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 20-ға жуығы оқудан шығарылды. Дегенмен тәуелсіздік жылдары барлығын ақтау жайында жарлық шықты.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә.