167 азамат «Болашақ» стипендиясын иеленді
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия шешімімен 167 қазақстандыққа «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Оның ішінде 131 адам магистратурада, 4 адам докторантурада оқуға және 32 адам тағылымдамадан өтуге әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына және өндірістік орталықтарына жіберіледі. Стипендиаттардың 65 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтар және жаратылыстану ғылымдары бойынша, ал қалған 35 пайызы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша білім алады. Сонымен бірге, комиссия отырысында жетекші шетелдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін стипендия тағайындау мәселесі де қаралды. Комиссия шешіміне сәйкес 481 үміткерге стипендия тағайындалды.
Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік кеңесші «Болашақ» халықаралық стипендиясын және ғылыми тағылымдамалар бағдарламасын одан әрі жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.