Астанада мұз айдыны мен сырғанақтар көбейеді
Тау-тастан ада елордаңыз да қысқы туризмге сайланып жатыр.
Сырғанақ, мұз айдындары, шаңғы жолдары, жаңажылдық фотоаймақтар және өзге де көптеген көңіл сергітер орындар ашылады. Есіл ауданы әкімдігінің хабарлауынша, «Бәйтерек» монументі, Салтанат қақпасы, Нұржол бульвары және «Астана Балет» театры маңындағы аумақтар шағын архитектуралық мүсіндермен безендіріледі. Ботаникалық бақ, «Керуен» сауда орталығы, ЭКСПО аумағында мұз айдындары мен сырғанақтар болады.
Жалпы қала бойынша 60 сырғанақ пен мұз айдын құю жоспарланған. Бұған Сарыарқа ауданы, 146 млн теңге, Байқоңыр ауданы 83 млн теңге, Алматы ауданы 105 млн теңге, Есіл ауданы 352 млн теңге, Нұра ауданы 150 млн теңге қарастырған.
Еркін Махамбетов, Есіл ауданы әкімдігінің өндірістік техникалық бөлімнің бас маманы:
- Бүгінгі күнге мұз айдындары мен сырғанақтар жұмысы аяқталып жатыр. Оның барлығы ауа райының ерекшелігіне байланысты. Қаншама жылы болды, мұз болған жоқ, қар болған жоқ. Енді ауа райы қалпына келді. Бүгінгі күнге 3 локацияда орналасқан. ЭКСПО маңында, Ботаникалық саябақта және Керуеннің қасындағы саябақта.