Жаңа жыл мерекесіне дайындығыңыз қалай?
Жаңа жыл келіп қалды! Дайындығыңыз қалай?
Әрине, жаңа жылда туыстар бірі-біріне барып құттықтап, мәре-сәре болып жатады ғой. Сонда үйге қонақ келгенде қандай ас әзірлеген дұрыс.
Иә, айтуға оңай. Бірақ әйел баласы дастарқанды жайнатып қою үшін біраз бас қатырады. Жеміс-жидегі, тәттісі бар дегендей. Көбін қолдан пісіреді ғой енді. Аналарымыз дайындаған қолдың асына не жетсін! Бірақ қазір көп ел кісі шақырса, көп ойланбай-ақ тапсырыс бере салады екен. Қажетіңді есігіңнің алдына әкеліп береді дейді. Сол жағы қалай болып жатыр екен?
Пандемия өмірімізге айтқарлықтай өзгеріс әкелді. Бүкіл әлем онлайнға көшті. Осы тұста біздің елде де жеткізу қызметі дами түскен. Әсіресе бұл сала әйелдердің ас үйдегі шаруасын айтарлықтай жеңілдетті. Қалаған уақытыңызда азық-түліктің кез келген түрін үйіңізге әкеліп береді. Тіпті дайын аста ыстық күйінде жеткізіледі. Қарапайым тіскебасардан бастап, керек десеңіз, мәртебелі мейманыңыздың алдына тартатын қойдың басын үйітіп, көгөніспен көмкеріп, әрлеп, дастарқаныңызға әкеліп қояды.
Бақытжан Мұстафаев, кәсіпкер:
- Қазір бізден Өскемен қаласынан, Алматыдан да тапсырыстар түсіп жатыр, Атырау, Орал, Жезқазғаннан арнайы келетіндер де бар. Қарағанды, Көкшетау бізге сол жағалау сияқты болды, таңғалмаймыз. Демалыс күндері InDrive арқылы алдырады.
Тапсырыс жасау да өте оңай. Ол үшін арнайы қосымшаны телефоныңызға жүктеп, ішінен өзіңізге керек мейрамхананы немесе мәзірді таңдап, жеткізу керек мекенжайыңызды енгізсеңіз болғаны. Ол да уақытымды алады десеңіз, жай ғана қоңырау шалсаңыз, оператор мамандар сіз үшін бәрін өздері атқарады. Қосымша арқылы картадан жеткізушінің қай жерде келе жатқанын да көріп отырасыз. Тапсырыс көп болмаса, курьер де тез келеді, әрине.
Бақытжан Мұстафаев, кәсіпкер:
- Бір күнде 200 бас пісіріп үлгеріп жатырмыз, одан артық үлгере алмай жатырмыз. Демалыс күндері ерте бітіп қалады. Жұма, сенбі, жексенбі күндері сағат 7-8 де бас жоқ болады. Жұмыс күндері 200 бас жетеді.
Жалпы курьерлік қызметке жүгіну қаншалықты тиімді екенін анықтау үшін біз бағаларын салыстырып көрдік.
Мысалы, үйіңізге 4-5 адамға арналған дастарқанға палау дайындау үшін:
Күнбағыс майы – 685 теңге;
Ет 2 келі – 6500 теңге;
Сәбіз 2 келі – 360 теңге;
Пияз – 150 теңге;
Күріш 1600 грамм – 1830 теңге;
Жалпы шығын – 9525 теңге.
Біз бұл жерде қосымша дәмдеуіштер, одан қалды сіздің үйдің жарығы мен суының шығынын есептеген жоқпыз. Ал дәл осы палауды курьерлік қызмет арқылы алдыру 8200 тг (2 келі) теңге екен. Сондықтан есепке жүйрік көп адам тамақты тапсырыс арқылы алдырғанды жөн көреді.
Айнагүл Ермәдиқызы, тілші:
- Қазақ үшін жаңа жыл – наурыз айы. Бірақ мерекенің қай-қайсы да көпке ортақ. Сол себепті әлем жұрты жаңа жылды қарсы алып жатқан тұста біз де шырша орнатып, әшекейін келістіріп қоямыз. Бір-біріне қонаққа барып, жұрт та мәре-сәре болып жатады. Ең бастысы, әрине, дастарқаныңыз мол болуға тиіс.
Авторы: Айнагүл Ермәдиқызы.