Қызылорда облысында инвестиция көлемі артты
Қазір темір бетон бұйымдарын шығаратын зауыт 150 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Солардың бірі – Асхат Сәрсенбаев. Экономист мамандығын меңгергенімен ұзақ жыл жұмыс таппаған. Қазір бетон құю шебері болып еңбек етеді.
Асхат Сәрсенбаев, зауыт жұмысшысы:
- Оқытып, үйретіп, қазір бір маман иесі болып, қызмет атқарып жатырмын осы жерде. Мамандандырылған осы сала бойынша 10 жылдан бері келе жатқан кісілер бар. Солардан білім алып жатырмыз.
Зауытта сағатына 80 текше метр сұйық бетон және тәулігіне 120 текше метр темір бетон бұйымдары дайындалады. Өңірде биыл құрылыс көлемі 21 пайызға артты. Осыған орай құрылыс материалдарына сұраныс көбейген. «Импортқа тәуелділікті төмендетіп, құрылыс құнының арзандауына әсер ету үшін осы бағыттағы өндірісті жандандыру маңызды», - дейді мамандар.
Исламғали Қозбақов, кәсіпкер:
- Қызылорда қаласына сырттан келетін темір бетон бұйымдарының барлығын мүмкіншілігінше толықтай жабуға жұмыс жасап жатырмыз. Қыс мезгілінің өзінде 80 пайызға біз толық жұмыс істеп жатырмыз. Жоспар 2024 жылы толық 100 пайыз жұмысқа көшу.
Өңірде соңғы жылдары мұнай кеніштері сарқыла бастады. Қара алтын өндіру көлемі еселеп азайды. Дегенмен өнеркәсіп саласында өсім бар. Биыл облысқа 472 миллард теңге инвестиция тартылды. Оның 74 пайызы – жеке инвесторлар үлесі.
Дінмұхамед Әбсаттаров, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
- Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалының құрлысы басталып кетті. Құны 20 миллард теңге. Сонымен қатар 215 миллард теңгеге жаңа жылу орталығы құрылысы басталып жатыр. Бұл да сондай ірі жобалардың бірі. Одан бөлек, шыны бөтелкесін шығаруға қазір инвестормен жұмыс жасап жатырмыз. Алдымыздағы 2024 жылы құрылысын бастап кетеміз деп отыр.
Шыны зауытының айналасында бірнеше ілеспе кәсіпорын құрылып, 130 миллард теңгенің жобасы жүзеге асырылады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев