Зиян өндірісте жұмыс істейтіндерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі

Келер жылдан бастап денсаулыққа зиян өндіріс орындарының жұмысшыларына арнайы әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Қаржылай, медициналық қызмет және еңбек қауіпсіздігі жағынан қолайлы жағдай жасалады. Тиісті заңнамада халықаралық тәжірибе ескерілді, дейді мамандар. Үкіметте бүгін таныстырылған жаңа құжатқа қатысты тілшіміз тараптардың пікірін саралап көрді.

Төлеутай Жакулин ұзақ жылдар бойы кен орнында еңбек еткен. Ардагер кенші сол кезеңдегі жұмыс барысын күрсіне еске алады. Өйткені күн сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетін. Өндірістік жарақат та жиі болатын, дейді ол.

Төлеутай Жакулин, ардагер кенші:

- 50 жылда бірнеше жарақат алдық, бірнеше жағдайлар болды. Шахтердің жұмысы –ең ауыр жұмыс. 1994 жылға дейін шахтада істедік. Денсаулық нашар. Оның барлығы осы жағдайдан.

Президент пәрменіне сәйкес, енді денсаулыққа зиян жұмыстарды істейтін еңбеккерлердің қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайы жіті бақылауға алынды. Бұл ретте 55 жастан бастап зейнетке шыққанға дейін жұмысшыға арнайы төлем беріледі. Сондай-ақ кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы аударылады. Төлемдер 4 түрлі қаржы көзінен қарастырылып отыр.

Әлімжан Бекмағамбетов, «Еңбекті қорғау жөніндегі РҒЗИ» РМК бас директорының м.а.:

- Біреуі республикалық бюджет, біреуі жұмыс берушінің қаражаты, біреуі сақтандыру компаниясының қаражаты, сосын бірыңғай зейнетақы қоры оған қатысады. Ал егер жұмыстан кеткен кезде басқа жұмыс іздеуге оған қазір мемлекет көмегін береді. Ол үшін бірнеше бағдарлама бар. Мысалы, кәсіпкерлікпен айналысамын десе оған мемлекет өз жағынан субсидиялау береді.

Бұған қоса енді еңбек қауіпсіздігі үшін сақтандыру компанияларының қызметі оңтайландырылады.

Әлімжан Бекмағамбетов, «Еңбекті қорғау жөніндегі РҒЗИ» РМК бас директорының м.а.:

- Превентивтік шараларды тек қана жұмыс беруші өзінің қаражатынан төлейтін болса, қазіргі кезде 6%-ын, оның ауыртпашылығын кішкене өзіне алады мына сақтандыру компаниясы. Бұрын жазатайым оқиға болған кезде, мысалы, жұмыскердің кінәсі анықталған кезде 50 пайыз болса, онда компенсациясы 50 пайыз мөлшеріне сәйкес болатын. Қазіргі кезеңде мұның барлығы оған қарамайды. Толығымен компенсация берілетін болады.

Сарапшылар бұл бастамаларды қолдап отыр. Ендігі мәселе - өндіріс орындарында қауіп-қатер деңгейін алдын ала бағалау тәртібін күшейту, дейді олар.

Андрей Сухинин, сарапшы:

- Оқыс жағдайлар болғаннан кейін ғана еңбек қауіпсіздігі назарға алынып жатады. Бұл дұрыс емес. Сондықтан қауіп-қатерді алдын ала бағалау жүйесін қатаң қолдану керек. Нысанды жобалау кезінен-ақ осы әдісті пайдалану қажет. Нысанды тапсыру, іске қосу және жұмыс барысында да қауіп-қатер деңгейін тексерген жөн. Сонда ғана жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.

Биыл елімізде 1100-ден астам адам өндірістік жарақат алған. Оның ішінде 175-і көз жұмды. Мұндай оқыс оқиғалардың көбі Қарағанды, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген. Ұжымның еңбек қауіпсіздігіне жауапты болған 4 адам сотталды. Қауіпті және денсаулыққа зиян өндірістік орындарда жұмыс істейтіндер жаңа заңнама мен еңбек тұжырымдамасынан үлкен үміт күтіп отыр.