Жаңа жыл қарсаңында полиция күшейтілген режимде қызмет етуге көшті

Биыл бақылау камераларының көмегімен 465 мың әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.

Қазір Ішкі істер министрлігі жергілікті атқарушы билік өкілдерімен әр өңірде осындай камералардың санын көбейтумен айналысып жатыр. Бірақ «үй сыртында кісі бар» болса да, қоғамдық орындарда тәртіп бұзатындардың қатары азаймай тұр. Күн сайын вандализм, бұзақылық деректері анықталып жатады.

Бұл – Жаңа жыл мейрамын қала көшесінде тойлауды жөн көрген Шымкент қаласы тұрғыны әрекеті. Бәйдібек би даңғылында пиротехникалық жарылғыш затты қолданып, жерлестеріне мерекелік көңіл күй сыйламақ болған секілді. Полицейлер тәртіп бұзған азаматты бірден тоқтатып, көлігінен 43 пиротехникалық затты тәркілеген.

Пиротехникалық заттар қолданып, жүру барысында от шашу жасағаны анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды.

«Атың шықпаса, жер өрте» деп қоғамдық тәртіпті бұзатындар қазір қаптап кеткен. Қазір елордадағы жедел басқару орталығының да жұмысы қауырт.

Бұл жерді елорданың көзі десе де болады. Қоғамдық тәртіпке жауапты полицейлер тәулік бойы қалада ешбір құқықбұзушылықтың болмауын қадағалайды. Күніне Астананың өзінде 10 мыңнан астам осындай заңсыз әрекеттер анықталады екен. Негізі Астана қаласының көшелерінде 30 мыңнан астам бақылау камералары орнатылған. Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіпті қадағалауда полицейлерге волонтерларда көмекке келген. Мәселен, «Жастар рухы» жастар қанаты тәртіп сақшыларымен бірлесіп, рейд жүргізуге кіріскен. Олар вандализм, тұрмыстық-зорлық зомбылық, бұзақылық сынды деректерді анықтап жатыр.

Арсланбек Мағзұм, «Жастар рухы» ЖҚ Астана қаласы бойынша төрағасы:

- Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, республика бойынша рейдтік жұмыстар өткізіп жатыр. Профилактикалық жұмыстар. Яғни, әр өңір жергілікті Полиция департаментінің өкілдерімен бірлесіп, рейдтік шаралар өткізіп жүр.

Қайрат Тілепов, Алматы аудандық ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы:

- Көпқабатты үйлер бар. Шағымдар көп. Көбінесе тұрмыстық құқықбұзушылықтар болып жатады. Тыныштықты бұзады. Сол әкімшілік құқықбұзушылықтар болмау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Учаскелік полиция инспекторлары ақпараттандырады.

Алда Жаңа жыл мерекесі тұр. Мейрамды халық қоғамдық орындарда да тойлайтыны белгілі. Сондықтан республика бойынша тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызмет етуге көшкен. Яғни, елде «Құқықтық-тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр.

Авторы: Риат Шони.