Түркістан облысында киберполиция көмегіне жүгіну жиілеп барады
Түркістан облысында алаяқтық қылмысқа қатысты 1211 іс тіркелген.
Алаяқтық қазір ең көп тараған қылмыс түріне жатады. Әсіресе шекара таңдамайтын жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын интернет-алаяқтық өршіп тұр. Облыстық полиция департаменті қылмыстың бұл түрімен қалай күресіп жатыр? Нәтиже қандай?
Интернет алаяқтардың құрығына іліккендердің бірі Түркістан қаласының тұрғыны Қуаныш. Жәбірленушінің айтуынша, алдымен банк картасына жүз мың теңге түскен. Артынша телефонына бейтаныс әйел хабарласып, баласының еміне аударамын деген ақшасын, бір саннан шатасып, Қуанышқа аударып қойғанын айтқан. Мүмкіндік болса кері салып жіберуін өтініпті. Ештеңеден секем алмаған ол айтқан номеріне аударып жіберген.
Қуаныш Оспанов, жәбірленуші:
- Маған сіздің атыңыздан 1,5 млн теңге көлемінде кредит алынды деп хабар келді. Банкке хабарласып едім, сіздің атыңызға несие рәсімделіп қойды. Сізге кері қайтарылмайды деді.
– Шағымдандыңыз ба?
– Қалалық полиция басқармасына хабарластым. Іздеп, ол кісілер тапты. Несиені жабу бойынша соттың үкімі шығып, толық жауып берді кредит алған адамдар.
Интернет алаяқтықтың алдын алу үшін биыл маусым айында облыстық ПД-нен «Киберпол» арнайы тобы құрылды. Оның құрамында білікті жедел уәкілдер, тергеушілер, криминалисттер мен ІТ мамандары бар. Жедел уәкілдердің айтуынша, интернет алаяқтар көздегеніне жету үшін түрлі қулыққа барады. Тұрғындарға банк немесе полиция қызметкері ретінде хабарласып, атына несие рәсімделіп жатқанын ескертеді. Сөзіне сендіріп, арбауына түсіреді. Жеке куәлігінің көшірмесін алғаннан кейін, жәбірленушінің атына несие рәсімдейді.
Ермек Ералыұлы, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:
- Қылмыскердің басты мақсаты ол – қылмыс жасардың алдында ізін қалай жасыруға әрекет жасаса, біз де дәл солай оларды табу әрекетін жасаймыз. Криминалистикалық іздер дейді бізде, сол бойынша біз адамның жеке басын анықтауға тырысамыз. Жеке басы анықталғаннан кейін ары қарай құрықтау үшін жедел іздестіру шараларын жүргіземіз.
Киберполдың қызметкерлері 6 айда 9 қылмыстық топ пен 67 қылмыскерді ұстағап, 113 қылмыстық істі сотқа жолдаған. Бұдан бөлек басқа да алаяқтық қылмыспен айналысып, 1312 жәбірленушіге 931 млн тенге көлемінде материалдық шығын келтірген 25 тұлғадан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін қолға түсірген. Оңай жолмен ақша тапқысы келетіндердің арасында жастар да көп,- дейді мамандар.
Құрманбек Сахов облыстық ПД бастығының орынбасары:
- Соның біреуін айтып өтсем, бізде Сайрам ауданының 1993 жылы туған тумасы ұсталды. Қазір қылмыстық іс сотта. Ол «Отау тв» қызметкерімін деп, жасы үлкен кісілердің үйңне барып, жеке куәліктерін алып, аттаына несие рәсімдеп отырған. Келтірілген шығын 5 млннан асады. 34 жайт, 34 жәбірленуші деген сөз. Келесі шымкент қаласының тұрғыны ол «Индрайвер» қосымшасына кіріп, таксистердің атынан несие шығарып отырған. Ол жерде 18 жайт, ол 3 млн астам шығын келтірген.
Тәртіп сақшылары бөтен номерден хабарласып, қаржы аударымдары туралы ұсыныс жасаған кез келген бейтаныс адамға сенуге болмайтынын айтады. Киберпол қызметкерлерінің жүйелі жұмысының нәтижесінде өңірде алаяқтық қылмыстардың саны 1,4%-ға төмендеген. Ал тіркелген 1211 алаяқтық қылмыстың 87,3%-ы ашылған. Сондықтан мамандар «өз-өзіңе бекем бол, қоңсыңды ұры тұтпа» дегенді тағы да бір ескертеді.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш