Елде жылына 400 әйел өз шаңырағында көз жұмады

Өкініштісі, қылмыстық істің жартысына жуығы сотқа жетпейді.

Бұл - анық! Халық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысы барларды қатаң жазалау бойынша қызу талқылап жатыр. Депутаттар да үн қосты. Себебі – өзекті.

Әлеуметтік желіге жүктелген видео, фото дәйектер мәселенің күрделілігін аңғарта түсті. Ал қоғам құзырлы органдардың қозғалуына ықпал етті. Соның өзі үйдегі ұрысты сыртқа шығармай, ұрып-соғуға төзіп жүрген әйелдер мен балалардың қорықпай көмек сұрауына сеп болды.

Осылайша былтырдан бері жаза күшейтілді. Зардап шегушінің денсаулығына жеңіл зақым келсе, айыпты бұрынғыдай 5 тәулік емес, 15 тәулікке қамауға алынады. Әкімшілік Кодекске енгізілген өзгеріс бұл. Шағым қайталанса, 25 тәулік бойы бас бостандығынан айырылады.

Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Жәбірленуші мен зорлаушы сотқа дейін де, сот залында да татуласа алмайды. Бұрын істі қозғау үшін жәбірленуші әйелдің өтініші қажет болатын. Бірақ ол оны жазудан бас тартуы, жазған күннің өзінде кері қайтарып алуы мүмкін еді. Енді қылмыстық іс қозғап, зорлаушының кінәсін дәлелдеу үшін ұялы телефоннан немесе көшедегі бақылау камераларынан түсірілген бейнелер жеткілікті.

Еске салайық, 2017 жылдан бері елде ұрып соғу және денсаулыққа жеңіл зақым келтіру әкімшілік құқық бұзушылық саналады. Енді мамандар жаза түрін қайта қарауды ұсынады. Тіпті зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті енгізу керек деген пікір бар.

Марат Әбішев, ҚР Бас прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы:

-Жыл сайын елде 80 әйел көз жұмады. 150-і ауыр, 200 әйел орта деңгейде жараланған. 4000 әйелдің денсаулығына жеңіл зақым келтірілді. Былтыр 50 мыңнан аса азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 700 адам қылмыстық жаза қолданылды.

Елімізде әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды әйел тергеушілер тергейді. Ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді. Бұл туралы Мемлекет басшысы мәлімдеді.

Мәжілісмендер де тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр.

Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдайтынын жеткізді. Азаматтар қол қойып жатқан петиция талаптары да ескерілетіні айтылды. Бұл – анық.