Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтілді
Қазақстанда отбасын ойран етіп, жанұяның шырқын бұзатындарға жауапкершілік күшейді.
Былтырғы жылдың алты айында полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 50 мың арыз қараған. Нәтижесінде отбасына зәбір көрсеткені үшін қамауға алынғандар саны екі есе артқан. Айта кетейік, заңдағы түзетулерден соң полиция тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеудің детективтік сипатына көшті. Бұл дер кезінде заңсыздықтың жолын кесуге, соның ішінде кісі өлтіру, басқа да озбырлық әрекеттердің алдын алуға көмектеседі. Сондай-ақ соттарға агрессорды психологиялық түзету орталықтарына жіберу құқығы беріліп отыр.
Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
- Әкімшілік қамауға алынған адамдардың саны екі есеге артты. Сотта 27 мыңнан астам адам татуласты. Сондай-ақ министрлік зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмысты жандандырды. Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылды. Сондай-ақ құқық бұзушының мінез-құлқына 15 мың талап белгіленді.