Зиянды өндірісте жұмыс істейтіндерді қолдау туралы заң күшіне енді

Елімізде зиянды өндірісте жұмыс істейтіндердің әлеуметтік жағдайын түзейтін жаңа заң күшіне енді.

Енді олар 55 жастан шартты зейнетке шыға алады. Оларға арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады. Рудный қаласында кеншілермен кездескен Мәжіліс депутаттары Альберт Рау мен Екатерина Смышляева осы заң туралы айтты. Қырық жылдан астам тарихы бар Соколов шахтасының тереңдегі жүз қабатты үйге пара- пар. Ал ұңғыманың ұзындығы 400 шақырымға жуық. Міне осындай қиын жағдайда екі мыңдай адам жер астында кен өндіреді. Олардың 120-сы осы заңға сәйкес биыл зейнетке шығып, арнайы әлеуметтік жәрдемақы алуға мүмкіндігі бар.

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Қауіпті, зиянды жағдайда жеті жыл жұмыс істеген кез келген адам өз қалауымен 55 жасынан зейнетке шығып, арнайы әлеуметтік жәрдемақы алуға құқылы. Ай сайынғы төлемнің биылғы мөлшері 208 мың тенге. Ол жыл сайын өсіп отырады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазір Парламент қарауына біз ұсынған еңбек қауіпсіздігін жетілдіруге қатысты заң жобасы келіп түсті. Одан кейін бұл саладағы мемлекет бақылауын күшейтуді мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ еңбек инспекциясының өкілеттігін арттыруды қарастырамыз.