Кәсіпті нәсіп еткендер – елге құт
Отандық бизнестің оңалуы әуелі экономиканың күре тамырына қан жүгіртеді.
Халықтың әл-ауқаты артады. Кәсіпті нәсіп еткендер 4 жыл бойы тексеруден босатылғаны белгілі. Қаңтар айынан бастап мораторий тоқтатылды. Енді бизнесті тексеру жаңа тәртіппен жүргізіледі. Кәсіпкердің заңды бұзу әрекеттері бағаланып, тиісті шаралар тізімі жасалады. Жаппай тексеру болмайды. Мамандар осылай дейді. Демек, бизнес өкілдерінің алаңдауына негіз жоқ.
Мораторий аясында саланы цифрландыруға басымдық берілді. Қағазбастылық азайды. Мәселен, осыған дейін іскер азаматтарға қойылған 10 мыңнан астам талап негізсіз болған. Бірін бірі қайталайтын бұл ережелер қазір жойылды. Бір жүйеге келтірілді. Соңғы бес жылда шағын бизнес – 10 пайызға, орта кәсіпкерлік - 2 пайызға көбейді. Жұмысшылар саны – 6 пайызға, ал өндірілген өнім көлемі 22 пайызға өсті. Прзидент мемлекет пен бизнес арасындағы қатынас өзара сенімге негізделуі қажет деп бас айтты. Ең алдымен, заң үстемдігін және жеке меншіктің қорғалуын қамтамасыз ету қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қылмысқа, оның ішінде экономикалық сипаттағы қылмысқа қарсы күрес тек қана заң аясында жүргізілуі керек. Мұндай асырасілтеушілік мемлекеттің мүддесіне ғана қайшы келмейді, сонымен қатар Қазақстанның абырой-беделіне нұқсан келтіріп, менің бастамаларыма халықтың сенімін азайтады. Біз қадағалаудың теңгерімді механизмін қалыптастыруымыз қажет.
Мораторий аяқталды. Бірақ кәсіпкерледі жаппай тексеру болмайды. Керісінше бизнесті тексеру талаптары 2 есе азаяды дейді мамандар. Кәсіпке кедергі келтіретін тетіктер барынша қысқартылды.
Динара Ақынбекова, «АТАМЕКЕН» ҰКП Бизнесті реттеу департаментінің атқарушы директоры:
- Мораторий аяқталғандықтан, тексерулер басталады. Қызметін ашық әрі адал жүргізетін кәсіпкерлерге қорқудың еш қажеті жоқ. Егер заң талаптарын бұзбаса, мемлекеттік органдар тарапынан тексерулер болмайды. Кәсіпкерлер үш тәуекел деңгейіне бөлінеді. Қауіп деңгейі төмен кәсіпкерлер үшін тексеру үш жылда бір рет болады. Орта тәуекелдегі бизнес үшін екі жылда бір рет, ал қауіп деңгейі жоғары кәсіпкерлер әр жарты жыл сайын тексеруден өтеді.
Енді Қазақстанда бизнесті тексеру тәуекелдерді бағалау жүйесімен жүзеге асырылады. Процесс автоматтандырылған. Адамның қатысуы барынша азайтылады.
Рустам Жүрсінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл:
- Алдағы екі айда жұмыс ескі жүйемен жүргізіледі. Тізім дайын болған соң ол Құқықтық статистика Комитетінде тіркеледі. Әрине, бұл тізімге барлық кәсіпкерлер енбейді. Тексеру квотасы 5 пайыздан аспайды. Мұны прокуратура органдары жіті бақылап отыр. Мәселен, мораторийге дейін 120 мыңға дейін бизнес субъектісі тексерілетін. Мораторий кезінде ол 9-10 мыңнан аспады. Алдағы уақытта да аса бір көп тексеру болмайды. Өйткені, бизнеске қысым келтіруге Үкіметтің өзі жол бермейді.
Қолға алынып жатқан іс-шаралар кәсіпкердің алаңсыз әрі еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бұл бағытта сот жүйесінде де жүзеге асырылған шаруалар аз емес.
Рустам Жүрсінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл:
- Еліміздің сот жүйесінде тиімді реформалау жүргізілді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қолданысқа енді. Бұл Кодекс азаматтардың мемлекеттік органдармен барлық дау-дамайларын қарастырады. Мәселен, бұрын мемлекеттік органдармен соттасқан бизнестің тек 15-20 пайызы ғана жеңіске жететін. Былтырғы сандарға қарасақ, әкімшілік соттарда қарапайым азаматтар сот істерінің 60 пайызында жеңіске жетіп, өз құқығын қорғай алған. Бұл мемлекетке деген сенімді арттыра түседі.
Бұған қоса кәсіпкерлердің жауапкершілігін артады. Өткен жылы кәсіпкерлермен кездесуінде Президент салық түсімдерінде елеулі сәйкессіздік бар екенін айтқан болатын. Сондықтан салық саясатын да жетілдіру маңызды. Мысалы, мемлекеттік қолдауға қарамастан микро және шағын бизнес субъектілері ақша айналымын жасырады. Немесе азайтып көрсетеді. Түптеп келгенде отандық экономикаға серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін Үкімет пен бизнес арасында өзара түсіністік пен ықпалдастық болуы маңызды.