Қазақ киносы мен ұлттық рух
Кино – тәрбиенің, идеологияның маңызды құралы.
Бірақ, осы бір көркем өнерге деген көзқарас кейінгі жылдары заман ағысымен өзгеріп бара жатқан сыңайлы. Экранда көрерменнің көңілінен шығатын туындылар некен саяқ. Оның орнын мазмұны төмен, мәні жоқ арзанқол дүниелер басып барады. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Мамандар жанрлық алуандылық пен тақырыптық ізденістегі кемшілік қазақ көрерменінің талғамын төмендетіп жібермей ме деп алаңдап отыр. Себебі, тарихи немесе танымдық жанрындағы туындылар жоқтың қасы.
Бұл фильмді еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін сүйсініп көреді. Талай ұрпақты тәрбиеледі. Туындымен талай буын өсті. Қожаның бейнесі - қазақ киносының алтын қорындағы қымбат қазынаның бірі. Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы негізінде түсірілген бұл фильмнің әлі де көрермені болары сөзсіз.
Ғұмырлы туындылардың бірі, қазақтың төл өнерінің жауһары – «Қыз Жібек». Араздыққа –араша, татулыққа тамыр болған қазақы болмыс, табиғат дархандығы, аңызға айналған махаббат пен батырлар бейнесі осында.
50-60 жыл тарихы бар, сәні мен сыры кетпеген бұл фильмдер көрермен есінде әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Ал қазіргі жаһандану заманындағы қазақ киносы да өзгеріске ұшырағандай.
Сандарға сүйенсек, былтыр отандық кинопрокатқа 400-ден астам фильм шықса, оның 74-і қазақ киносы. Ал оның 56-сы комедия жанрында түсірілген туындылар.
Дана Әмірбекова, кинотанушы:
- Олар ешқандай да комедия емес, белден төмен әзілдерден құрылған, тізесі шыққан сюжеттерден қамтылған, квн-нің экранға шыққан үлгісі деп қабылдаймын. Ол жерде ешқандай көркемдік деңгей, киноның тілі, актерлік шеберлік ойын көре алмаймыз. Продюсерлер олар ақшаның тілін ғана түсінетін мамандар ғой, оларға ақшаны аз жұмсап, пайданы көбірек табу керек.
Кейінгі уақытта қазақ кинематографиясында жаңа фильмдер көптеп-ақ түсіріліп жүр. Көбі жекеменшік студиялар түсірген коммерциялық жобалар. Алайда экранға шығып, халыққа ұсынылып жатқан сол сансыз фильмдердің сапасына күмән көп дейді мамандар. Ал отандық фильмдердің идеологиялық құрал ретіндегі мақсаты ескерілмейді.
Ілияс Ысқақов, орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар архивінің директоры:
- Бізде сценаристердің мектебі де қалыптаспады. Сала құлдырап барады. Сондықтан, фильмдердің де сапасы нашар. Жас режиссерлер өздігінше жұмыс жасап жүр. Мемлекет бөлетін қаржының кімдерді беріліп жатқаны белгісіз. Мәселен, бір толықметражды киноға орта есеппен 1 млн доллар ақша бөлінеді. Ал сол қаржыға түсірілген туындылар қайда? Олардың неге қайтарымы болмады?
Елде көрермен ықыласына бөленіп, мамандар тарапынан жоғары бағаланған туындылар да бар. Алайда, мұндай кинокартиналардың насихаты аз. Қалың көпшіліктің назарына ұсынылмай келеді. Жекеменшік кинотеатрлар кассалық фильмдерге басымдық беріп, тарихи, деректі, басқа да танымдық туындылар тасада қалуда.
Дана Әмірбекова, кинотанушы:
Өкінішке қарай, осы туындылардың бірде-бірі экранға шыққан жоқ. Оның себебі неде, өйткені бізде әлі де заң жоқ. Отандық фильмдерді міндеттейтін. Кинотеатрлардың барлығы жекеменшік болғандықтан, олар қандай туындыны көрсетеді, қашан көрсетеді, олар оны өздері біледі. + Халықтың қаражатына түсірілген фильмдер олар көрерменге жетуі керек. Ал біздің жағдайымызда фильмдер түсіріліп жатыр, соңғы 5 жылдың ішінде Ұлттық киноны қолдау орталығында 120 фильм түсірілді. Соның 3-4 кинотеатрда прокатқа шықты.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді». Сыншылар қазақ киносының деңгейін көтеру үшін ең алдымен көрермен талғамын қалыптастыру қажет деп отыр. Ұлттық рух пен қазақы болмысты насихаттайтын фильмдерге қолдау қажет. Сонда ғана, төл өнеріміздің өрісі кеңейіп, кешегі Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев секілді талантты режисссерлеріміздің туындыларының ізін басқан кинолар экранға шығары сөзсіз.