Электромобильдерге арналған инфрақұрылым дамиды
Мәжіліс экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасында көлік құралдарының түрлерін заңнамалық деңгейде сәйкестендіру үшін «гибридті автомобиль» және «электромобиль» ұғымдары енгізіледі. Электромобильдер тұрақ пен паркингтерде арнайы орындарымен қамтамасыз етіледі, ал олардың иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылады.
Сонымен қатар жол бойындағы қызмет көрсету нысанына жатқызылатын «электр зарядтау станциясы» түсінігі енгізіледі. Жолдарды жобалау кезінде олар үшін бөлек орындар жабдықтау, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында аумақты электрмен қуаттау станцияларын орналастыру үшін резервке қою, оларды тұрғын және қоғамдық аймақтарда орналастыру жоспарланған.
«Жол жүрісі туралы» заңға электр қозғалтқыштарымен жабдықталмаған көлік құралдарының жүргізушілеріне электр зарядтау станцияларымен жабдықталған орындарда тұрақтауға тыйым салатын норма енгізу ұсынылды. Бұл үшін Әкімшілік кодексте жауапкершілік енгізіледі.
Заң жобасын қабылдау электрмен жүретін көліктердің инфрақұрылымын дамытуға, экологиялық таза көліктердің жұмыс істеуі үшін жағдай жасауға және электр зарядтау станцияларын орнатуды реттеудің құқықтық тетіктерін бекітуге мүмкіндік береді.