Шетелдіктер асырап алған қазақ балаларынан хабар жоқ
Еліміздің құзырлы органдарында 1999 жылға дейін шетелдік азаматтар асырап алған қазақ балалары жайында ақпарат жоқ.
Мұхит асып кеткен ұл-қыздарымыздың мәселесін сенатор Дархан Қыдырәлі көтерді. Статистикаға қарасақ, сәбилерді өз тегіне жаздырып, елшілікпен байланысты үзіп, ізім-ғайым жоқ болғандарда аз емес. Мәселен, Африкаға кеткен 30 баладан, Америкадағы 104-інен, Бельгиядағы 113 баладан хабар жоқ. «Оңтүстік Африка, Кения, Филиппин, Мексика, Мальта, Аргентинаға кеткен 120 баланың санатын анықтау керек», - дейді депутат.
Дархан Қыдырәлі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган болып саналатын Оқу-ағарту министрлігінің дерегіне сүйенсек, конвенцияға қол қойғалы бері шетелдік азаматтар 158 баланы асырап алған. Соның ішінде 2013-2019 жылдары 157 бала шетел асса, соңғы 4 жылда 1 бала сыртқа шыққан. Көрсеткіштің күрт төмендегені, әрине, қуантады. Конвенцияға қол қойғанға дейін 1999-2011 жылдары аралығында шетелдіктер 8805 баланы асырап алған. Олардың 5217 қазір кәмелеттік жасқа толуына байланысты есептен шығарылған. Кәмілетке толмаған 3588 бала туралы есеп алынып тұрады. Өкінішке қарай, есеп бермейтіндер де аз емес.