Антикор елдегі сақалды құрылыстарды бақылауға алды

Антикор елдегі сақалды құрылыстарды бақылауға алды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өңірлерде жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру аясында құрылысы тым кешіктірілген 156 әлеуметтік нысанды сүйемелдеуге алды.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ресми өкілі Арман Тілеукенов кезекті брифинг барысында айтты.
Аумақтық Департаменттер жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бұзушылықтарды жою және олардың құрылысын аяқтау жөнінде шаралар қабылдау жоспарларын әзірледі. Жымқыруға жол бермеу мақсатында кешенді алдын алу шаралары қолданылады (мониторинг, ақпараттық хаттар, комиссия отырыстары және т.б.), қажет болған жағдайда аудиторлық тексерулер тағайындалып, олардың негізінде тиісті процестік шешім қабылданады – деді ол.
Проблемалық объектілерді салу мәселелері жергілікті әкімдер жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың отырыстарына шығарылады, сондай-ақ қоғамдық кеңестерде қаралады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы шеңберінде осы объектілердің құрылыс барысына қоғамдық мониторингтер жүргізілуде.
Өздеріңіз білетіндей, әлі де жекелеген аймақтардың мектептерінде оқушы орындары жетіспейді, балалар лық толы сыныптарда оқиды. Осыны ескере отырып, құрылысы аяқталмаған мектептер сүйемелдеуге алынды. Жүргізілген жұмыстың нәтижелері бойынша 9 мектептің құрылысы аяқталды: бұлар Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында және Ақтөбе облысы Шалқар қаласында; Батыс Қазақстан облысы Шалғын және Казталов ауылдарында; Қазалы ауданы Әйтеке би және Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаңақорған кенттерінде; Түркістан облысы Жетісай қаласында, сондай-ақ Астана қаласының Байқоңыр және ескі вокзал ауданындағы екі мектеп – дейді Арман Тілеукенов.
Мысалы, 2023 жылғы желтоқсанда Ақтөбе облысының Шалқар қаласында 320 орындық мектептің құрылысы аяқталды, оның құрылысы 2018 жылы басталып, 2019 жылы аяқталады деп жоспарланған еді.
Алайда, шарттық міндеттемелердің орындалмауына байланысты құрылыс 4 жылға созылды.
Бүгінде мектеп салынып бітті, балалар білім алуда.
Тағы бір мысал, Батыс Қазақстан облысында Казталов ауданы Казталовка ауылында 600 орындық мектеп пайдалануға қабылданды. Қазіргі уақытта мектепте 549 оқушы оқиды. Аталған объект бойынша сүйемелдеу шеңберінде 61 млн теңге сомасына бюджет қаражатын ұтымсыз пайдалануға жол берілмеді. Бұл сомаға тиісті жұмыстар орындалмады.
Биыл 15 қаңтарда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінде 300 орындық мектеп салынып бітіп, ашылды. Бұл мектептің құрылысы 2 жылға созылды ауылда мектеп болмады, оқушылар көрші ауыл мектебінде білім алды. Қазір балалар өз ауылында оқиды.
Ауылдық жерлерді сумен қамтамасыз ету проблемаларын назарға ала отырып, сүйемелдеу шеңберінде Павлодар (Ликер, Сервис, Майкөбе, Қызылшілік ауылдары), Шығыс Қазақстан (Қызыл Жұлдыз, Майемер, Алтынбел ауылдары), Қостанай (Сокол, Троебратное, Сатай ауылдары) және Батыс Қазақстан облыстарының (Жаңа өмір кенті) 11 елдімекенінде су құбырларының құрылысы аяқталды. Осы елдімекендер қазір сумен қамтамасыз етілген. Су құбырларының құрылысы бір жылдан үш жылға дейін созылды.
5 денешынықтыру-сауықтыру кешені мен спорт залының құрылысын аяқтауды қамтамасыз еттік. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Ырғыз ауылында 2020 жылдан бастап денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталмай келген, бүгінде ол да пайдалануға берілген. Қостанай облысында Сарыкөл ауданында облыстық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жұмысының аяқталуы қамтамасыз етілді (Сарыкөл-үлкен Дубравы). Жөндеу жұмысы 2017 жылы басталды және 2020 жылы аяқталуы керек еді – деді ресми өкіл.