Жамбыл облысында мемлекеттік қызметкерлер заң бұзды

Былтыр Жамбыл облысында мемлекеттік қызмет көрсету кезінде 470-тен аса заң бұзушылық болған.

Оны мемлекеттік қызмет істері департаменті анықтады. Қадағалаушы орган өкілдерінің мәліметінше: жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері жиі заң бұзған. Мәселен ауыл шаруашылық басқармасында шаруаларға берілуі тиіс 1 млн теңгеден аса инвестициялық субсидия уақытында төленбеген. Ал ветеринариялық инспекция мамандары жеке кәсіпкерге ветеринариялық-санитариялық қорытынды беруден негізсіз бас тартқан. Құқық бұзушылық жасаған 60-тан аса қызметкер жауапқа тартылып, 2 бөлім басшысы жұмыстан шығарылды.

Фахриддин Бердібаев, кәсіпкер:

- Ветеринарный заключениені бермеді. Сұрап жүрдім «береміз береміз» деп, одан кейін заключениең жоқ, сен штраф төлейсің деді. Мен штрафтан қашқан жоқпын. Штраф төлегеннен соң амал жоқ Атамекенге бардым, мемлекеттік қызметке бардым оларға үлкен рақмет. Қазір құдайға шүкір жұмыс жүріп жатыр.

Руслан Шәріпов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ЖОБ департаменті басшысының м.а:

- 45 қызметші, яғни жауапты қызметшілер тәртіптік жазаға тартылған болатын. 19 лауазымды тұлғаға қатысты жалпы 24 ӘҚБ туралы хаттама толтырылды. Салынған айыппұлдар толығымен мемлекеттік кірісіне өндірілді.