БҚО-да семіздікке шалдыққан балалар саны азайып келеді

Елде жасөспірімдердің 15%-і семіздікке шалдыққан, деп хабарлайды 24KZ.

Өйткені балалар дұрыс тамақтанбайды және салауатты өмір салтын ұстанбайды - дейді мамандар.

Дегенмен Батыс Қазақстан облысында семіздікке шалдыққан бала саны азая бастаған. Оның себебі не?

Санат Ерекешов 4 жылдан бері бокспен белсенді айналысып жүр. Осы уақыт ішінде біраз салмақ тастап, қалыпқа келген. 13 жасар оқушының дене шынықтыру сабағына қатысуға деген ынтасы да ашылыпты.

Санат Ерекешев, оқушы:

- Мен мұнда келгенде толық болғаным рас. Қазір салмақ тастадым. Спортпен шұғылдану артық салмақтан арылуға көп көмегін тигізеді. Сыныптастарым дене шынықтыру сабағында тез шаршап қалады. Мен боксқа қатысқалы бері ширақ қимылдайтын болдым.

Бұл спорт клубында 4 топ бар. Әрқайсысында артық салмақтан қиындық көретін балалар да жүр. Көбі өз еркімен қатысса, кейбірін ата-анасы әкеледі. Спортпен шұғылдану денсаулықты нығайтып қана қоймай, балалардың көп қимылдауына да көмектеседі, - дейді жаттықтырушы.

Сұлтан Шәріпов, жаттықтырушы:

- Ата-аналар баласының болашағына алаңдағаннан кейін осында әкеледі. Әрине, баланың спортпен айналысқаны дұрыс. Олар мұнда шынығады, түрлі жаттығу жасайды. Үйде ұялы телефон қарап отырғаннан гөрі баланың физикалық тұрғыдан дамығаны жақсы.

Мамандар қазір дабыл қағып отыр. Өйткені артық салмақ түрлі ауруға алып келеді. Баланың уақытылы демалып, дұрыс тамақтануын үнемі бақылау керек. Тәттіні аз жеп, көп қимылдаса, артық салмақтан да арылуға болады, - дейді дәрігерлер.

Назгүл Жармұқанова, эндокринолог:

- Балада таңертеңгі тамақтанудың маңызы өте жоғары. Статистика бойынша 50% балалар таңғы астарын ішпей келеді. Ол да семіздікке алып келуі мүмкін. Таңғы ас ішпейді, ал түскі уақытта олар тойып, кешкі уақытта тойып тамақ ішіп алады. Тамақтану режимін дұрыстау керек. Балаларды уақытылы медициналық тексеруден өткізіп тұру керек.

Өңірде семіздікке шалдыққан балалардың саны азайып келеді. Қазір 107 жасөспірім есепте тұр. Ал 2 жыл бұрын олардың саны 150-ден асқан еді. Мамандар салауатты өмір салтын сақтаудың маңызы зор екенін айтады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Болат Жарылғасов.