Ақтөбеге шахмат үйі қажет
Ақтөбеліктер «Шахмат үйін» ашуды өтініп жүр.
Ардагер-спортшылар «шаһарда зияткерлік ойын түрлерінен жаттығу өткізіп, жарыс ұйымдастыратын орын жоқ» дейді. Зейнеткерлер өз қаражатына шағын бөлме жалдап, шахмат клубын жүргізіп келеді. Алайда тұрақты мүшелері толық жиналса, тар жерде ине шаншар орын болмай қалады.
Бұл шахмат клубы мүшелерінің әрқайсысы кемінде зияткерлік ойынның бірінші разряд деңгейіне жеткен шеберлер. Мәселен Марат Иманғазин бала күнінен мектепаралық, одан қалды жоғары оқу орындары арасындағы біріншілікте талай рет бас жүлдені иемденген. Зейнет жасына жеткеніне қарамастан қарсылас тапса тақта алдында тапжылмай отырады.
Марат Иманғазин, зейнеткер:
- Шахмат – ой-өрісіңді дамытып, есте сақтау қабілетіңе тікелей әсер етеді. Тұнып тұрған математика. Бірнеше қадамды алдын ала есептеуді үйренесің. Бұл күнделікті өмірде де таптырмайтын қасиет. Сондықтан шахматты барлық адам ойнап білген дұрыс деп есептеймін.
Зейнеткерлердің шахмат клубын осыдан он жыл бұрын Ақтөбе тұрғыны Абай Есембаев ұйымдастырған. Чернобыль апатының ардагері былтыр дүниеден өтіп, зияткерлер орталығы да жұмысын тоқтатыпты. Алайда қариялардың талап-тілегін ескерген Бауыржан Құрманқұлов шахмат клубын қайта ашуды жөн көрген. Өз қаражатына бөлме жалдап, ойын тақталары мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған.
Бауыржан Құрманқұлов, зейнеткер:
- Адам демалуға келеді. Шахмат ойнайтыны шахмат ойнайды. Ойнамайтыны әңгімелесіп, жексенбі күні ғана мына ғимараттың жабылуына байланысты сағат үшке дейін ойнайды таңертеңнен. Сенбі күні 6-6 жарымға дейін ойнайды. Былай күндері де таңертең келеді адамдар. 10-нан. бастап келе берулеріне болады. Сондай бір орталық.
Шахмат клубының тұрақты 20-дан астам мүшесі бар. Тіпті мектеп оқушылары да аға буын өкілдерімен ойын тақтасында күш сынасады. Бүгінде әуесқой спортшылармен тәжірибе жинаған жастар республикалық біріншіліктерде жүлделі орындарды иемденіп жүр. Ардагер спортшылар «мұндай жетістікке жүйелі түрде қол жеткізу үшін өңірге шахмат үйі қажет»,- дейді.
Жанболат Орманов, зейнеткер:
- Бұл жерде негізінен зейнеткерлер жиналады. Егер шахмат үйі болса балалар мен жастар, ересектер мен ардагерлер бірге жаттығуға болар еді. Тәжірибе алмасып, білгенімізді үйретер едік.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Зейнеткерлер арасындағы шахмат шайқастарын жаймашуақ жаз күндері Әлия Молдағұлова даңғылында тамашалауға болады. Дәл осы тұрған үстелдер ертелі-кеш бір босамайды. Зейнеткерлер күн суығаннан кейін ғана бас қосып, шахмат ойнайтын орын таба алмай қалады. Сондықтан да арнайы орталық қажет деп отыр.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы зейнет жасындағы шахматшылардың мәселесін өңірлік федерация өкілдерімен бірге шешуді көздейді. Әзірге қарияларға жергілікті спорт клубтарының бірінен бөлме беруге дайын.
Евгений Гончаров, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының жетекшісі:
- «Е2,Е4» клубын біз былтыр толықтай жөндедік. Қазір ол жерде балалар зияткерлік спорт түрлерімен тұрақты шұғылданып жүр. Зейнеткерлерге де аптасына 1-2 рет сол клубтан орын беру мәселесі қарастырылып жатыр. Балалардың жаттығуына кедергі келмейтіндей кесте құрылуы тиіс.
Жергілікті билік Шахмат үйін «ІТ-орталықтан» ашуды көздейді. Заманауи технологиялар шоғырланған орынның бір бөлігі зияткерлік ойындарға тиесілі болмақ. Аталмыш ғимарат жыл соңына дейін қолданысқа берілуі тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков