Елімізде креативті индустрияның ұлттық моделі жасалады
Елімізде креативті индустрияны дамыту үшін арнайы қор құрылады.
Digital Almaty 2024 форумында осындай игі бастама көтерілді. Экономиканың жаңа әрі қызықты секторына айналған саланың шығармашылық өнімдері мен қызметі туралы сала мамандары пікірлерін ортаға салды.
Шығармашылық пен жаңа технология жұптасқан креативті индустрия жылдан-жылға қарқын алып келеді. Әсіресе кино, музыка және анимация мамандары креативті индустрияда нәтижелі. Мысалы, онлайн платформада кино көріп, музыка тыңдап, кітап оқитындардың үлесі артқан. Былтыр 450 автордың әні мен 200 мыңнан аса кітап жаңа форматқа жүктелген.
Александр Фролов, онлайн платформа өкілі:
- Онлайн кинотеатр платформасында қазақстандықтар 2023 жылы 3,5 миллион сағат фильм көрген. Сондықтан біз өзіміздің платформада орта есеппен 5 отандық фильм жүктеп отырамыз. Шет елдік танымал туындыларды қазақша дубляж жасаймыз. Оған қоса қазақстандық кино компанияларына серіктес болып тұрамыз.
Заманауи экономика саласының мемлекеттік қолдаусыз алысқа шаппайтыны рас. Осы орайда креативті индустриялар департаменті бастамасымен кооперативтік қор құрылмақ. Осы арқылы өңірлердегі таланттарды іздеу, инфрақұрылымды дамыту және заңнамалық қолдау жұмыстары жүйеленеді.
Гүлісхан Нахбаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі креативті индустриялар департаментінің директоры:
- Біздің креативті индустрияның ең басым бағыттарын айтатын болсақ, ол киноиндустрия мен анимация, ІТ және Game, шығармашылық, музыка, сән, дизайн солар келіп тұр. Ал өңірлер бөлісінде бірінші орында Алматы қаласы, Астана қаласы екінші орында келіп тұр, үшінші орында Қарағанды облысы және осы Шымкентпен осы рейтингі көріп отырмыз.
Экономикалық қызметтің креативті индустрияға жататын 43 негізгі түрі бекітілген. Соның 40 түрі арнайы салық режиміне өткен. Халықаралық форумдар ұйымдастырылып, үздік тәжірибелер арқылы креативті индустрияның ұлттық моделі жасалмақ.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов