Каспий итбалығын қорғауға арналған шаралар

Атырауда тұқымы азайып бара жатқан Каспий итбалығын сақтап қалу және олардың өсуіне қолайлы жағдай жасау мәселесі талқыланды.

Игі шараға мұнай-газ компаниясы мұрындық болды. Кәсіпорын теңіз түбін тереңдету жұмыстарына экологиялық мониторинг жүргізіп, Каспий итбалығының популяциясын кешенді зерттеуге атсалысып келеді. 

NСОС компаниясы 2019 жылы Каспий итбалықтарының тіршілігіне қоршаған ортаның әсерін зерделеуге арналған 5 жылдық бағдарлама әзірлеген. Оған отандық және Ресейдің биолог ғалымдары мен ихтиологтары тартылды. Ғалымдар мұнай өндіру операциялары мен теңіз көліктерінің қозғалысын бақылады.

Уәлихан Жанаисов, NСОС компаниясының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі директоры:

- Каспий теңізінде су деңгейінің төмендеуіне байланысты Қашаған кен орнында өндірістік операцияларымызды қауіпсіз жалғастыру үшін сол аймақта түп тереңдету жұмыстарын 2022 жылы бітірген болатынбыз. Сол жұмыстарды жүргізу барысында және аяқталғаннан кейін де осы аймақта «биотоның» күй-жәйін және оның қайта қалпына келуін бақылап келеміз.

«Қазақстан қолданбалы экология» Агенттігінің ғалымдары NСОС компаниясының көмегімен Каспий итбалықтарының жай-күйін тұрақты түрде зерделеп келеді. Экспедиция жүргізген санақтың нәтижесінде 2022 жыл теңізде 300 мың бастан астам итбалық мекендеген. Бірақ түрлі жұқпалы аурулар мен климаттың күрт жылынуы салдарынан олардың саны айтарлықтай қысқарды. Дегенмен алаңдауға негізге жоқ, дейді ғалымдар

Федор Климов, «КАПЭ» ЖШС атқарушы директоры

- Біз жүргізген санақ бойынша былтыр Каспий итбалығының саны 259 мың 800 ден асты. Оның 53 мың 500-і сол жылғы күшіктер. Соған қарағанда итбалықтардың саны азайып бара жатқаны байқалады. Қазір ол 2012 жылғы көрсеткішке тура келіп тұр. Дегенмен былтырдан бері қарай жағдай тұрақты. 2024 жылы өсім болады деуге негіз бар.

Санақ жұмыстары итбалықтар күшіктейтін ақпан-наурыз айларында жүргізіледі. Сондықтан биылғы есептік қортындысы алдағы айларда анықталуы тиіс. Мұзды аралдардың жыл санап азаюы, түрлі жұқпалы аурулардың бас көтеруі теңіз мақұлығының көбеюіне кері ықпал етеді, дейді мамандар. Жиында сөз алғандар осы өзекті мәслелерді шешуге бағытталған ойларын ортаға салды. Мұндай басқосулар жылда өтіп тұрады.

Авторлары: Арыстанбек Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин