Қостанайдағы жасырын қойма: сотқа дейінгі тергеу басталды
Қостанайда қауіпті медициналық қалдықтар сақталған жасырын қойма табылды, деп хабарлайды 24KZ.
Зиянды заттарды жоюмен айналысатын серіктестік жиналған қалдықты Астанадағы арнайы орынға апаруы керек еді. Бірақ бұл талапты орындамай, Қостанайдағы бір қоймаға жинай берген және қарапайым қауіпсіздік шараларын мүлде сақтамаған. Облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы жүргізген тексеріс барысында мердігердің зиянды медициналық қалдықтарды тасымалдау талаптарын да өрескел бұзғаны анықталды. Бұл мақсатқа ол арнайы көлікті пайдаланбай, мобильді қосымша арқылы басқа көліктерді жалдаған.
Олжас Бекетов, облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры:
- Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 332 бабының 1-ші бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясына байланысты 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе үш жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Қазіргі таңда медициналық қалдықтар тиісті сараптамаға жолданған. Сараптама медициналық қалдықтардың зияндығын анықтайды.