Түркістандағы мектептерде «Ясауитану» пәні оқытылмақ
Бұл жөнінде ұлы ғұламаның 930 жылдығына орай шаһардағы №28 мектеп-лицейінде өткен «Ясауи мұрасындағы құндылық» атты республикалық ғылыми конференцияда айтылды.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар білім ұясына Қожа Ахмет Ясауидің атын беру туралы ұсыныстарын жеткізді.
Семинар Ислам дінінің Орта Азияға кеңінен таралуына түрткі болған ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдығына арнайы дайындалған көшпелі музеймен басталды. Көрмеге Ясауидің шығармалары, ғұлама жайында жазылған зерттеушілердің еңбектері қойылды. Семинарға Ясауидың еңбектерін зерделеп жүрген ғалымдар және Астана мен Алматы қаласынан арнайы келген мұғалімдер қатысты. Қонақтар Ясауи хикметтеріне арналған сабаққа қатысып, ақынның өмірі жайлы әзірлеген оқушылардың сахналық қойылымын тамашалады.
Қожа Ахмет Ясауи – ақын, сопылық поэзияның негізін салушы, күллі күншығыс мұсылмандарының рухани ұстазы, ұлы ойшыл. Ғұламаның 930 жылдығына арналған семинарда Ясауитанушы ғалымдар діни қайраткердің өмірі мен шығармашылығы жайында баяндама жасады. Қала әкімдігінің бастамасымен білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова Түркістан қаласындағы мектептерде «Ясауитану» пәнін енгізу туралы ұсыныс жасады.
Оразкүл Қолдасова, қалалық білім бөлімінің басшысы:
- Мектеп пәні ретінде Абайтану деп жатырмыз, басқа да пәндер кіріп жатыр. Сондықтан Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясына ұсыныспен шықтық. Ясауитану пән болып кіріп жатса, нұр-үстіне нұр болар еді. Бірінші, бала тәрбиесіне көңіл бөліп, одан кейін ілімімізді беріп жатсақ, нәтижесі мол болар еді деген үміттеміз.
Конференцияда «Ясауитану» пәнін мектеп бағдарламасында оқыту әдістемесі және сол әдістемеге көмекші құралдар көпшілікке ұсынылды.
Сондай-ақ мектеп ұжымы атынан №28 мектеп-лицейіне Қожа Ахмет Ясауидің атын беру туралы ұсыныс айтылды.
Ләззат Нысанқұлова, №28 мектеп-лицейінің директоры:
- Мектебіміз 28 мектеп-лицей болып тұр. Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп-лицей болса екен деген ұсынысымыз бар. Екінші, қазақ-түрік университетінің аға оқытушылары Ясауитануға байланысты оқулықтар дайындаса, жас ерекшеліктеріне байланысты Ясауи хикметтері аударылса, соған арналған бағдарлама болса деген ұсынысымыз бар.
Сондай-ақ Астана мен Алматыдан келген мұғалімдер де бұл бастаманы қолдап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Алматыдағы Ясауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Айнаш Әзірбаева Ясауи мұрасын мектеп бағдарламасында 3 кезеңге бөліп оқыту керектігін жеткізді. Сол арқылы оқушының бойына салт-дәстүр мен адами құндылықтарды сіңіруге болатынын атап өтті.
Айнаш Әзірбаева, тарих пәнінің мұғалімі:
- Бұл кісінің мұрасын зерттеп, одан ары қарай бүгінгі ұрпаққа беру - менің әріптестерім, ұстаздардың міндеті деп ойлаймын. Ясауитану бағдарламасы болашақта Қазақстан мектептерінде оқытылса деген ұсынысым бар. Адамның рухани құндылығына үлкен үлес қосатын зор мұра деп айта аламын.
Семинарға қатысқан оқушылар да Ясауи жайында көптеген тың мәліметтерге қанығып, хикметтерінен тәлім алды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш