Мұнай кеніштері зерттеле бастады
Биыл Қызылорда облысында өндірілген мұнай көлемі 3 пайызға немесе 100 мың тоннаға азаюы мүмкін.
Яғни жылдық өндіріс межесі 3 миллион 600 мың тоннадан аспайды деген болжам бар. Өңірде көмірсутегі өндірісінің көрсеткіші соңғы 10 жыл қатарынан төмендеп келеді.
Қызылорда облысы экономикасының 25 пайызы мұнай өндірісінің үлесінде. Алайда соңғы он жылда көмірсутегін өндіру көлемі өңірде 3 есеге дейін азайды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 7 пайызға кемісе, биыл тағы 3 пайызға төмендейді деп болжам жасалды.
Абай Шайнұров, экономика ғылымдарының кандидаты:
- Соңғы 10 жылдықта 11 миллион тоннадан өткен жылы 3,7 миллион тонна өндірісін құрады. Бұл геологиялық барлау жұмыстарының осы уақытқа дейін болмауы. Бұл әрине аймақ экономикасына кері әсерін тигізді.
Жер асты қабатының сулануы, құрал жабдықтардың ескіруі. Ғалымдардың айтуынша, кезінде қара алтын атқылаған ұңғымалардың сарқылуына осындай бірнеше фактор себеп болған.
Сәкен Сейтжанов, PHD доктор:
- Кейбір скважиналар мұнай беріп тұрады да, артынша мұнайы азайып кетеді. Химиялық әдістер қолданып 30-35 процент шамасында көтеруге болады. Бірақ енді ол жұмыстарды зерттеу керек.
Ескі кеніштерді зерттеп, өнімділігін арттыру үшін өңірде жаңа технология қолға алынады. Оны шетелдік мамандар жүзеге асырады.
Дінмұхамед Әбсаттаров, Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
- Олардың технологиясы қиын өндірілетін мұнай. Сол жер астына жатып қалған мұнайлар бар. Сол жаңа технологиялар енгізу арқылы 30 пайызға дейін қазіргі жұмыс істеп тұрған мұнай кеніш орындарын мұнай өндіру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Былтыр келісім сөздер жүргізген. Соларды шақырған. Қазір Қызылорда облысында олар тіркеліп, еншілес компаниясы. Қазір рұқсат қағаздары рәсімделу үстінде.
Мұнан бөлек, 2022 жылы Арал шөгінді бассейнінде басталған геологиялық зерттеу жұмыстары жалғасуда. Ал «Торғай-полеозой» кен орнында мұнай-газ өндіруші компания елімізде бұрын соңды болмаған 5 жарым мың метр тереңдікке дейін ұңғыма бұрғылауға кіріскен. Аймақта дәстүрлі емес көмірсутек өндіру де жоспарланып отыр. Бұл ретте инвесторлар тарапынан бұрғылау, барлау жұмыстары қарқын алды, - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев