Ақтөбеде 2000-ға жуық көлік жолда қалған

 Ауа райының құбылуынан Ақтөбе облысында «Самара-Шымкент» тас жолының бір бөлігінде шектеу енгізілді.

Атап айтқанда, дизель отынымен жүретін жүк көліктері үшін Ырғыз-Қызылорда бағыты бойынша қозғалуға әзір рұқсат жоқ. Нәтижесінде, қазір екі мыңға жуық көлік жол бойында тұр. Бұдан өзге, қатты аяздың кесірінен Ақтөбе мен Хромтау ауданындағы Құдықсай ауылы аралығында 100-ден астам техника тұрып қалған. Барлығының да жанар-жағармайы қатып қалыпты. Оларға көмектесу үшін мамандар шақыртылған. Ал мұз басқан жол учаскелерін тазарту үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының 30-дан астам арнайы көліктері жұмылдырылған.

Айта кетейік, өткен түнде өңірде -30-35 градус шамасында аяз болған еді.

Аслан Қапенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ АОФ бас маманы:

- Қатып қалған дизельдік отындары, сосын ауа жүйелері қатып қалып, орындарынан қозғала алмай тұр. Оларға жылыту қызметтерін көмектесетін адамдарын шақыртып, соларды жылыту бойынша да көмек көрсетуде. Бұл телімдерде полиция департаменті өкілдерімен бірігіп, қозғалысты кезең-кезеңімен реверсивті өткізу жұмыстары жүргізілуде.