Жамбыл облысында ауыл тұрғыны қызғалдақ өсіріп жатыр

Жамбыл облысында ауыл тұрғыны қыстыгүні ауласында қызғалдақ өсіріп жатыр.

Арнайы жылыжайда лалагүл тұқымының 10 түрі жайқалған. Ал сабағын тікелей Голландиядан алдырыпты. Кәсіпкер өңірде бұрын-соңды болмаған бизнесті бастап, нәсібін тауып отыр.

Досжан Жамбылов гүл өсіруді үш жыл бұрын бастаған. Ол кезде аздаған тұқымды жәшікке егіп көреді. Еккені көгеріп нәтиже берген соң, көлігін сатып қаржысын жылыжай құрылысына жаратқан. Қазір мұнда 17 мың түп қызғалдақ сабағы жайқалып тұр.

Досжан Жамбылов, кәсіпкер:

- Өзіміздің өнеркәсіпті дамытайық деген өзіміздің ауылда, неге Голандиядан емес неге өзіміздің Қазақстанда осы өсімдіктерді өндірмеске деген ой туындады. Бірінші мыңнан бастадық екі мыңнан, қазір 15 мың 20 мың. Болашақта енді осы жерге 50 мыңнан астам қызғалдақ егіп, одан бөлек қызғалдақтарды егіп, биыл яғни субсидия беріледі деп жатыр, күшіне енді дейді. Соны пайдалануға мүмкіншілік туындап отыр.

Жер жауқазындарының күтімі жақсы болса 50-70 күн аралығында күлтесін ашады. Сол үшін ауа температурасын +22 градуста ұстап, топырағы 14 градус жылы болуы керек. Жылу мен жарық артық болмауы үшін желдеткіш қосып, күн көзінен көлегейлейді. Қазір гүлдердің бойы бәсең болағанымен жиырма күнде жарты метрге жетеді. Жас кәсіпкер ісін кеңейту үшін несие алуға ниетті.

Дулат Оспанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Жылыжайларға 1 гектардан жоғары субсидия беріледі. Ал енді жаңағы сіз айтқандай шағын жылыжайларға біз Ауыл аманаты жобасы шеңберінде несике бере аламыз 2,5 пайызбен 5 жылға дейін. Бұл жерде ол кісілер жаңағы соғам деген кісілер 9 миллион теңгеге дейін ала алады. 1 жыл каникулы болады оның.

Досжанның гүлдері халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында жетіледі. Өніміне сұраныс жоғары, алушылар да алдын ала тапсырыс беріп қойған. «Жылыжай жыл он екі ай бос болмайды», - дейді кәсіпкер. Гүлдерді жиып алған соң орнына құлпынай мен шалғам екпек. Ал қаржылай қолдау алса тағы бірнеше жылыжай салып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту жоспарында бар.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә