Солтүстікте аудандық жолдар қысқарып барады

24kz

Солтүстік Қазақстан облысында аудандық жолдар қысқарып барады.

Өткен жылдың есебі бойынша тіркеуде тұрған бағыттар 580 шақырымға азайған. Мамандардың айтуынша, оған ауылдардың жабылуы себеп. Өңірде қанша елді мекен картадан жойылды? Оларға апарар жолдарды сызып тастаудың мәнісі неде?

Самрат Құскеновтің кіндік қаны тамған Амангелді ауылы картадан ресми түрде сызылудың аз-ақ алдында тұр. Қазір елді мекенде ешкім тұрмайды. «Мектеп жабылған соң, бәрі жан-жаққа көшіп кетті», - дейді қала тұрғыны.

Самрат Құскенов, қала тұрғыны:

- Амангелді ауылында бүгінгі таңда бір үй жоқ. Оның себебі жолдың жоқтығы, жұмыстың жоқтығы. Ауылдың жоғы бұл ұлттың тамырына балта шапқанмен тең деп түсінемін. Тек қана Амангелді ауылы емес, оның маңайында орналасқан Суаткөл, Талпын, Үлгі деген ауылдар хал үстінде тұр.

Солтүстік Қазақстан облысында 2000 жылдан бері 139 ауыл жабылды. Халықтың үдере көшуіне негізінен жұмыстың, жолдың жоқтығы себеп болған. Қазіргі жағдай да мәз емес. 

Қуанышбек Қалижанов, экономика басқармасының басшысы:

- Оның ішінде 128 ауылды мекен халық саны 50 адамнан аз болып саналатын елді мекендер. Оның 33-і 10 адамнан аз. Ал 6 ауыл мүлдем халықсыз болып есепте тұр. Осы ауылдарға инфрақұрылым өткізу немесе жолдар салу, қаражат жіберу экономикалық түрде тиімсіз болып тұр.

Елді мекендердің жабылуынан жолдар да қысқарды. Жергілікті билік өкілдері «ат ізі түспейтін» бағыттарды есептен шығарып тастады. Өйткені оларды күтіп-ұстау бюджет үшін тиімсіз.

Руслан Қуандық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- Елді мекендердің жабылуына байланысты жыл сайын жолдар да түгенделеді. Оның қорытындысы бойынша, аудандық жолдар шамамен 580 шақырымға қысқартылды. Бұл бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Ауылдарға апаратын аудандық жолдарды жыл бойы күтіп ұстауға аз ақша бөлінбейді. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 620 млн теңге қарастырылған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Солтүстік Қазақстан облысындағы жолдардың жалпы ұзындығы 8 мың шақырымнан асады. Оның жартысына жуығы аудандық маңызға ие. Шенеуніктердің айтуынша, оларды түгендеу жұмысы осымен тоқтамайды. Алдағы екі жылда тағы 400 шақырым жол қысқаруы мүмкін.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков