ШҚО-да қалааралық автобус қатынасы жанданды

Шығыс Қазақстан облысында қалааралық жолаушылар тасымалы қайта жанданды.

Жақында Алматыға автобус қатынай бастады. Туристік өңір Қатон-Қарағайға да көлік жүреді. Шекарадағы Шемонайха ауданының тұрғындары Өскеменге қоғамдық көлікпен барып жүр. Бұл бағыттағы қатынасты қалыпқа келтіру оңай болған жоқ, дейді жауаптылар. Облыстық бюджеттен субсидия бөлуге тура келіпті.

Пандемия жолаушылар тасымалын тұралатып тастады. Біраз бағыт жабылды. Жүздеген адам еңбек демалысына шығуға мәжбүр болды. Табыс азайған кәсіптен бас тартқандар да бар. Автобекеттегі тірлік енді ғана қалыпқа келе бастады. Қатынас жанданды. Мәселен, екі жыл бойы қалааралық автобус жүрмеген Шемонайха ауданымен байланыс қайта орнады.

Ольга Понеделко, Шемонаиха автобекетінің кассирі:

- Жолаушы көп деп айта алмаймын. Дегенмен, мүлдем жоқ та емес. Бүгін 5 адам осы аудандағы ауылдарға, 6 адам Өскеменге жолға шықты.

Бір айда 100-ге жуық жолаушы автобуспен қатынаған. Тасымалдаушылар шығынға батса да тырысып жүр. Өйткені Өскемен-Шемонайха әлеуметтік маңызы жоғары бағыт. Ал билет бағасы 2 мың теңгеден аспайды. Кеткен шығынның бір бөлігі облыстық бюджеттен субсидиялана.

Алмас Бейсенғазин, Өскемен автобекетінің директоры:

- Жолаушылар тасымалын дамыту үшін алдымен заңсыз тасымалмен айналысатындарды тоқтату керек деп ойлаймын. Әйтпесе жолаушылар легін көбейту қиынға соғады.

Сарапшылар субсидия-жүйені жаңғыртады деп сенеді. Қазір аудан ішіндегі қоғамдық көлік қатынасын дамыту үшін де осы әдіс таңдалды.

Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары:

- Өткен жылы субсидияға 45 миллион теңге жұмсалды. Биыл оны 75 миллион теңгеге жеткіземіз. Барлық бағыттар өте маңызды. Қоғамдық көлік әрбір ауылға қажет.

Демеу қаржы саладағы кадр тапшылығы мен жалақы мәселесін де шешеді. Биыл облыс ішіндегі қоғамдық көлік қатынасын қолдау үшін жалпы 350 миллион теңге жұмсалды. Енді тұрғындар туристік өңір Қатонқарағайға автобуспен бара алады. Зайсанға да рейс жиіледі.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов