Қызылорда облысында батыр аналар ауылы бар
Қызылорда облысындағы Еңбек елді мекені ел арасында «Батыр аналар ауылы» деп аталады.
Себебі алақандай ауылда 100-ге жуық батыр ана бар. Оның 43-і алтын, 54-і күміс алқаға лайық деп танылған.
Он бір баланың анасы, сексеннің сеңгіріне шыққан Тазагүл Қазыбекова мәдениет үйіндегі орталықта ауыл балаларын қолөнерге баулып жүр. Шөбересіндей қыздарға тоқыма тоқудың қыр-сырын үйретуден жалықпайды. Аға буынның жастарға өнеге көрсету салты ертеден қалыптасты. Ұрпақтар сабақтастығының арқасында ауылымызда қол қусырып, жерге қарап отырған жан жоқ, - дейді алтын құрсақты ана.
Тазагүл Қазыбекова, «Күміс алқа» иегері:
- 18 бала өмірге әкелген Патима, Сабыт деген құрдасымыз болды. Олардың барлығы азамат болып, алды зайнетке шығып отыр. Одан кейінгі батыр аналардың өзі де ең кемі тоғыз бала дүниеге әкелген. Барлығыда үлкен азамат болып, елге пайдаларын тигізіп, ұрпақтарын жалғастырып, шүкір Аллаға, әрі қарай жалғастырып жатыр ғой.
Еңбек ауылының тұрғындары еңбекқор. Жұмыссыз жүрген жан жоқ. Егін мен мал шаруашылығын қатар түлетіп отыр. Тірлігі түзу елді мекеннің соңғы жылдары тұрғындары көбейіп, аумағы да кеңейді. Батыр аналардың ізін жалғаған Айнұр Доспенбетова да құрақ құраудың шеберіне айналған. Мемлекеттен берілген 1 миллион теңге қайтарымсыз қаржыға кәсіп бастап, алты баламның нәпақасын тауып отырмын, -дейді күміс алқа иегері.
Айнұр Доспенбетова, «Күміс алқа» иегері:
- Ұршық иіруді үйрендік, жүн түтуді үйрендік. Бәрін үйреніп келе жатырмыз осы кісілердің арқасында. Құрақ тігем, прямой көрпешені де тігемін, перде тігіп беремін. Бесіктің жасауын тігемін.
Алтын құрсақты аналары көп ауылда 35 жыл бұрын «Батыр аналар» ансамблі құрылған. Содан бері бұл шығармашылық ұжымда үшінші буын алмасқан.
Алтын Мамадалиева, «Батыр аналар» ансамблінің жетекшісі:
- Трио, квартет болып өлең айтады, домбырамен айтады, гитарамен айтады қыздарым. Жеке ән орындаймыз, екі дауыста айтамыз, хормен айтамыз. Енді үлкен батыр аналардан көрген жұмысымызды жалғасытырып жатырмыз. Әніміз жақсы, көңіл күйіміз өте жақсы.
Қазір Еңбек ауылында 43 алтын, 54 күміс алқа иегері бар. Соңғы жеті жыл бойы қылмыс мүлдем тіркелмеген. Бизнеске бет бұрғандар көбейіп, былтыр кәсіпкерлік нысандар 9 пайызға артқан. Жастары еңбекпен есейіп, ұлттық тәрбиемен сусындаған ауылдың бүгінгі келбеті осындай.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев