Талдықорғанда оңалту орталығы ашылды
Талдықорғанда мүгедектігі бар жандарға арналған оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізіндегі бастама өңірде алғаш рет жүзеге асып отыр. Мекемеге 18 бен 35 жас аралығындағы психоневрологиялық ауруы бар науқастар қабылданады. Оларға 8 бағыт бойынша 20-дан астам маман қызмет көрсетеді. Емдік дене шынықтыру залы, оқу сыныптары, асхана мен жатын орын қарастырылған орталық күндізгі стационар іспетті. Ата-аналар балаларын таңертең әкеліп, кешке алып кетеді. Игі жоба жылдар бойы бала күтімімен үйде отырғандардың тынығуына, ерекше күтімдегі жандардың қоғамдық ортаға дағдылануына ықпал етеді.
Ләззат Арыстанова, қала тұрғыны:
- Мен осы балама байланысты жұмысқа шыға алмадым. Енді қазіргі ата-аналарға өте жақсы мүмкіншілік. Ол кісілер жұмысқа шыға алады. Балаларын алаңсыз қалдыра алады. Коррекциялық орталықта олар оқиды, неше түрлі гимнастикамен айналысады. Бізде ондай мүмкіншілік болған жоқ.
Ермек Мизамбаев, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- Бұл орталықтың басты мақсаты – үйде отырған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу, қоғамдық өмірге белсенді қатыстыру. Өмірдің сапасын жақсарту. Енді Панфилов, Сарқан, Алакөл аудандарымызда орталық ашу жоспарымызда бар.