Ұлытау облысында қыстан қырылған жылқы көп

Ақпан айы ұлытаулық шаруаларға да жайсыз тиді.

Қалың қардың арты жылымыққа ұласып, тебіннен қалған жылқы азық таппай аштан қырылып жатыр. Арам өлген малдың нақты саны белгісіз. Жаңаарқа ауданы мен Қаражал қаласы тұсындағы ауылға жақын маңнан 70-ке жуық жылқының өлексесі табылған. Дегенмен оларды кімнің малы екенін анықтау мүмкін болмай отыр. Мамандар «өлген жылқылар ветеринариялық базаға тіркелмеген» дейді.

Әбусағит Әбдікер, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Малым қырылды деп заң талабына сәйкес өтініш жасаған немесе келіп обращение жасаған адам жоқ. Өйткені ондай обращение болған кезде малдың өлгеніне фиксация жасауымыз керек. Жалпы халықтың арасында «өліп жатыр» деген әңгімелер айтылад. Тағы қайталап айтам заявление түскен жоқ.

Осы жағдайдан соң өңірге Ауыл шаруашылығы министрлігінен арнайы мамандар барды. Ведомство өкілдері жылқылар «жем-шөптің аздығынан өлген жоқ» дейді. Өткен күзде облыста мал азығын дайындау үшін шаруаларға 1,4 млрд субсидия берілген. Мал басын сақтандыруға бөлінген 50 млн теңге де игерілмеген. Анықталғандай өңірде бірде-бір бас мал сақтандырылмаған екен.

Бағлан Аймырзаев, АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының м.а:

- Мал тіркелген жағдайда, өз малдарын сақтандыратын болса оның бюджет есебінен 80 пайызын  өтеуге болатын еді. Енді көріп отырмыз ғой, малдың иелері жоқ. Базада тіркелмеген. Сол себептен шығынын өтеу мүмкін емес. бұл жерде әрбір мал иесінің өзінің жауапкершілігі. Уақытылы оны сақтандырған болса, жемшөп базасын қалыптастыратын болса мұндай жағдай болмаушы еді. Қазіргі көріп отырған жағдай бойынша төтенше жағдай жариялаудың ешқандай негізі жоқ.