Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы ауылдарға су құбыры тартылды
Миялы, Жасқайрат, Жангелдин және Ойыл ауылдарына ауыз су азабын тартып отырған жұртқа су құбыры тартыла бастады.
Бұл Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы елді мекендер. Мұндағы елге жазда тіршілік нәрі сағатпен беріліп келді.
Жергілікті билік 2021 жылы жоба жасап, жаңа су құбырын тартуды қолға алған. Бірақ құрылыс тоқтап қалған еді. Енді биыл аудан тұрғындары зарыға күткен жоба толық аяқталады - дейді жауаптылар.
Қызылқоға ауданына қарасты елді мекендердің ауыз су азабын тартып келгеніне 10 жылға жуықтады. Орталықтан қашық өңірде жерасты су қорынан өзге тіршілік нәрі жоқ. Су ауыл іргесіндегі «Қарасу» жер асты қорынан ұңғыма арқылы алынады. Бірақ су көздерінің азайып, ащы суға айналып кетуіне байланысты күнелту қиын болып тұр.
Есенбай Нұров, Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты:
- Тез арада осы Қарасу бойынан тұщы су қорын зерттеуіміз керек. Зерттеп алғаннан кейін қосымша ұңғымалар қазылуы керек. Сонда ғана біз Жангелдин, Миялы ауылдық елді мекендеріне жағдай туғызамыз. 4-5 жылдан бері ащы су араласқан су ішіп отырмыз. Ащы суды айырып тастайтын болсақ, онда тұщы су жетпейді.
Қазір ауылдарға су беріп отырған 11 ұңғыма бар. Оның 3 ащы, бірақ су аз болғандықтан оларды тұщы суға қосып күнелтіп келеді. Осыған орай биыл «Тайсойған» жерасты су қорынан ұзындығы 74 шақырымнан асатын жаңа ауызсу құбырының құрылысы басталды.
Арман Хасанов, мердігер мекеменің өкілі:
- Жерде 70-80 см тоң бар. Соған қарамастан техникалар жұмыс істеп жатыр. 10 шақырымдай қазып тастадық. Құбыр салынды, қазір көму жұмыстары жүріп жатыр. 34-шақырымда «насосный» бар сол, жерде екінші бригада бері шығып келеді. Олар да 5 км қазып тастады.
Тайсойған-Миялы ауызсу құбырының жобалық құны 4 млрд 263 млн теңге деп бекітілген. Бірақ құрылыс материалдардың қымбаттауына байланысты мердігер мекеме былтыр жұмысты тоқтатып тастаған. Енді жергілікті билік «құрылысты толық аяқтауға тырысудамыз» дейді.
Дулат Нығметов, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Онда 9 мыңнан аса халық тұрады. Тайсойғанның батыс аймағына 2016 жылы зерттеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы су қоры тәулігіне 6,5 мың текше метрдей су бере алады. Осы жоба толық аяқталғаннан кейін аталған 2 ауылды ауыз сумен қамтуға толық мүмкіндік бар.
Құбыр іске қосылса, алдымен аудан орталығына, кейін тағы 3 ауылға таза ауызсу беріледі. Бастысы, қаражат мәселесі оң шешімін табуы керек.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Қызылоқоға ауданының 4 ауылы асыға күткен ауызсу құбырының құрылысы қазір қарқынды жүріп жатыр. Анығында жоба 2022 жылы басталуы тиіс болатын. Енді «ештен де, кеш жақсы» деген мердігер мекеме «құбыр құрылысын осы жылдың аяғына дейін толық аяқтап береміз» деп уәде беріп отыр.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов