Жол салуда жаңа тәсіл пайда болды

Енді фосфогипс қалдығын жол құрылысына пайдалануға болады, деп хабарлайды 24KZ.

Химиялық өнім былтыр жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай базасына енгізілді.

Отандық мамандар бұрын жол салуда пайдаланылмаған 190-нан аса материалды сынақтан өткізді. 75 өнім жол төсеніші ретінде қолдануға болатыны анықталды.

Мерей Бает, тілші:

- Тараз қаласының кіреберісіндегі тау болып үйілген мына үйінділер – фосфогипс қалдығы. Алғашқы зауыт қалдығы мұнда 60 жыл бұрын шығарыла бастаған. Қазір көлемі 17 миллион тоннадан асты. Қаланың кіреберісіндегі үйіндіні жою жергілікті билік пен зауыт басшылығының бас ауруына айналған.

Химиялық минералдарды өндіретін зауыт өзінен шыққан қалдықтарға 2021 жылы рекультивация жасауы тиіс еді. Бірақ жерді қайта құнарландыру жұмыстары әлі күнге қолға алынбады. Былтыр фосфогипстің тек 30 мың тоннасы егістік жерлерге тыңайтқыш ретінде себілді. Тәулігіне 4 мың тонна қалдық шығаратын зауыт үшін бұл көлем тым аз болып тұр.

Темір Смағұлов, Жамбыл облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Жаңатас қаласы маңында көптеген бұрынғы карьерлер шұңқыр болып жатыр. Біз қала сыртындағы қалдықпен соларды толтыруды ұсынып отырмыз. Сонымен қатар кішігірім зауыт ашуға да қауқарлары жетеді. Мәселен, онда фосфогипстен гипс өнімдерін шығаруға әбден болады. Бірақ кәсіпорын басшылығы біздің сөзімізге құлап асып отырған жоқ.

Ал Қазфосфат зауытының бас экологы Арман Қарағалиев: «химиялық қалдықты кәдеге жаратуға болады», –  дейді. Кәсіпорын ҚазЖол ғылыми-зерттеу институтымен бірігіп, 5 бағытты ұсынып отыр. Алдымен фосфогиспті сортаң жерлерді құнарландыруға қолдануға болады. Одан соң Аралдағы құм көшкінін сейілту үшін сексеуіл егу жұмыстарына пайдаланбақ. Ғылыми қызметкерлер Павлодар облысында жол салып, тасжол құрылысына қолдануға болатынын дәлеледі.

Арман Қарағалиев, «Қазфосфат» ЖШС бас экологы:

- Суық «ресайклинговый метод» деген бар. Жаңа тәсіл. Сол тәсілмен біз осы фосфогипсті соқтық. Сол жол 22% фосфогипсті қостық. Жолдың сапасы мынау дәстүрлі жолға қарағанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш, сапасын көрсетті. Мына Жамбыл облысы болмаса, Алматы, Түркістан облысында осы жолдар болып жатса, осындай «холодный ресайклинговый» тәсілдермен. Біз оған соғуға дайынбыз. Біз осы фосфогипсті 1 теңгеден береміз, – деп бәріне айтып жатырмыз.

«Фосфогипс реестр тізімінде болмағандықтан, осы уақытқа дейін жол құрылысына қолданылмады», – дейді мамандар. Химиялық өнім былтыр ғана сол тізімге енгізілді. Бұл оны құм мен шағыл тастың орнына пайдалануға болады деген сөз.

Қайрат Мұхамбетқалиев, «ҚазжолҒЗИ» жаңа технологиялар басқармасының басшысы:

- 2023 жылы жол-құрылыс материалдары мен жаңа технологиялардың бірыңғай деректер базасын әзірледік. Онда барлық жол құрылысына қолданылатын материалдар мен жаңа технологиялар туралы ақпарат бар. Базада еліміздегі барлық карьерлер мен асфальт-бетон зауыттары туралы ақпарат қамтылған. Әрбір жоба жасаушы немесе мердігер жұмыс бастаған аймақтан барлық мәліметті ала алады.

Енді әрі құны арзан әрі сапасы жоғары фосфогипсті пайдалану құрылысшылар еркінде қала бермек. Айта кетерлігі, жол саласының ғалымдары былтыр 75 материалды тасжол құрылысына пайдалануға болатынын анықтады. Бүгінде олардың 29-ы мақұлданған.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә.