Атырау облысы Ұлттық құрылтайды өткізуге дайын
Атырау облысы Ұлттық құрылтай өткізуге дайын.
2023 жылы Мемлекет басшысы "Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Мен Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынамын" деген еді.
Ұлы Жібек жолымен сапарлаған талай саяхатшы Сарайшықтың сәулеті мен мәдениеті туралы тамсана жазып кеткен. Зәулім сарайлар, мұнаралы мешіттер мен монша, ақша сарайы заманында Сарайшықтың батыс ұлыстағы сауда-экономикалық Орталық болғанын айғақтайды. «Көне қала орнынан табылған мына қыш құбырлардың сынығы өңірдегі озық мәдениеттің үлгісі», - дейді ғалымдар.
Жүніс Байғалиев, музейдің аға ғылыми қызметкері:
- Осы күйінде табылды. Саз балшықтан күйдіріліп жасалған. Ауыз бөлігі бір жағы кең түрде болады екінші жағына кіші аузында бір бөлігі бар, осыған келесі құбыр кигізіліп, ұзыннан ұзын осындай су құбырларын құрастыратын болған. Сол арқылы ғимараттарға, сарайларға су алып келген.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- 13-14 ғасырларда жалпы Алтын Ордаға қарасты 25 қалада ақша соғылғаны белгілі. Соның бірі осы Сарайшықта. Айтқандай былтыр табылған мына тиындарды алып қарасақ, жазуы бедері өшіп кеткен. Дегенмен, ғалымдар оны Өзбек ханның заманында, яғни 14-ғасырдың ортасында соғылған деп дәлелдеп отыр.
Сарайшық қаласынының тарихымен танысуға арналған Сапар Орталығында 6 көрме залы бар. Туристер Қазақ хандығы, Алтын орда және Ноғай ордасы мен орта ғасырлық Сарайшық қаласының тарихына қатысты тың деректермен таныса алады.
Әбілсейіт Мұхтар, "Сарайшық" мемлекеттік-тарихи музей-қорығының директоры:
- Сарайшық-сол заманда атын әлемге әйгілеген қала. Орта ғасырлық тарихи деректердің барлығы Сарайшықтың тоғыз жолдың торабында орналасқан Азия мен еуропаны байланыстырған алтын көпір екендігін дәлелдейді. Мәселен 14-ғасырдың алғашқы ширегіндегі итальяндық шенеуніктер жазған «сауда тәжірибесі» кітаптарында ХажыТарханнан-Сарайшыққа-Сарайшықтан Үргенішке, әрі қарай Қытайға баратын жолды нақты көрсетеді.
Бүгінде көне қаланың орнын қалпына келтіру жұмыстары басталды. 12 тұрғын үйдің орны аршылып, іргетасынан жаңа ғимараттар салына бастады. Келешекте осы аумақтан «ашық аспан астындағы музей» жасақталмақ. Сонымен қатар, ортағасырлық Сарайшықтың батыс қақпасының орны анықталып, қалпына келтіріліп жатыр. Ертеңгі ұлттық Құрылтайға қатысушылар Хан ордалы Сарайшықтың осынау тылсым тарихымен таныса алады.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов