Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Игі істің негізгі бастауы ізгілік пен қайырымдылыққа толы наурыз айы.

Сүрінгенге сүйеу, қиналғанға демеу болу қазаққа ежелден асарлату деген атпен таныс. Халқымыздың бірлігін бекемдеп тұрған дәстүр бүгінде волонтерлік қызметпен жалғасып жатыр. Астаналық еріктілер ерекше балалардың еміне жауапты орталықтарға жәрдемдесіп, қажетті жабдықтармен қамтыды.

Бұл қоғамдағы әлсіз топтардың мұңын мұңдап, жоғын түгендеп жүрген волонтерлер. Қызметіне ақы алмайтын еріктілер осы жолы аутизмге шалдыққандарды оңалтатын орталыққа қажетті заттарды тарту етті. Сыртынан қарапайым құбылыс болып көріну мүмкін. Алайда түптің түбінде халықтың шынайы болмысы жатыр.

Гүлсім Нұрбекқызы, ерікті:

- Әйелдер қауымы еріктілікте тігін жағы немесе басқа да орналастыру бойынша көмек көрсетеміз. Бұл жұмысқа келудегі махаббатымның артуы оңалту орталықтарында осындай еріктілерді көріп, жұмыстарын байқап, сәбилерді көріп ерекше сезім пайда болады. Көмектеспей тұра алмайсыз.  

Еріктілікке 6 жылын арнаған Әли Мырзақұловтың жолы ерекше. Ол өмірлік жарын волонтерлік қызметте тапқан.    

Әли Мырзақұлов, ерікті:

- Ол да ерікті болды, мен де ерікті болып сол топтың арасынан екеуміз қосылып, Алланың қалауымен қазір бала-шағамыз бар. Еріктілік деген біздің қазақтар үшін, қазақ қоғамы үшін жаңалық емес қой. Қазақтың қанына сіңген қасиет. Бабаларымыз баяғыдан асар деген дүниемен қазір еріктілік деген жағдайға жетіп жатырмыз. Ел Президенті Тоқаев «біз бәріміз болып еріктілерді қолдауымыз керек» деген болатын.

Еріктілер мұнымен тоқтап қалмайды. Қазір көмекке мұқтаж өзге жандарға қол ұшын созып, жәрдемесудің қамына кірісіп кетті. Олар үшін жұмыла көтерген жүк қашан да жеңіл.

Мақсатбек Қайырғалиев, «Зекет» қайырымдылық қорының директоры:

- Батыс өңірлерде бір-бірімен көрісу деген нәрсе бар. Қыстан аман шықтық деген наурыз мейрамымыз бар. Оның үстіне биыл Алла тағаланың мейірімі төгілген ораза айы да осы наурызға келіп отыр. Біз осы үш мерекені атап өту үшін еріктілермен атсалысудамыз.

Наурыз – жаңару, халықты бірлікке бастайтын қайырымдылық айы. Осындай еріктілер арқылы асар дәстүрі жаңғыртылып, берекеміздің артары сөзсіз.   

Авторлары: Мерей Қанапия, Ернар Жақсыбаев