Бүгін - Ұлттық киім күні

Ұлттық киім - ұлттың сәні.  "Наурызнаманың" 5-ші күні Ұлттық киім күніне арналады.

Осыған байланысты елде бірқатар ұйымның қызметкерлері, студенттер мен оқушылар заманауи стильдегі ұлттық костюмдер киіп мерекені жаңа форматта атап өтіп жатыр. Бұған Ұлттық сезім жобасының үлесі зор. 2023 жылдың желтоқсан айынан бастау алған жоба ел аумағында ұлттық киімнің сән-салтанатына арналып, қазақ мәдениетін насихаттауға бағытталған флешмоб өткізіп келеді. Оның басты мақсаты салт-дәстүр мен мәдени мұраны сақтап, ұлттық киім қолөнері мен нарығын дамыту, сондай-ақ салада жұмыс істейтін жас дизайнерлерге қолдау көрсету.

Тастанбек Есентаев, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті:

- 2023 жылдың желтоқсан айынан бері ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен және бәйге федерациясының бастамасымен елімізде Ұлттық сезім жобасы басталды. Бұл ұлттық киімнің сән-салтанатын көрсететін жалпы ұлттық флешмоб. Бүгінде бұл жобаны 100-ден аса компания мен білім беру ұйымдары қолдап отыр. Қолдаушылар саны 20 мыңнан асады. Баршаңызды қолдау көрсетуге шақырамын.