Ақмола облысында 18 млн түп ағаш егіледі
Ақмола облысында биыл 18 миллион түп ағаш егіледі, деп хабарлайды 24KZ.
Осылайша, 4 мың гектардан астам алқап жасыл желекке айналады. Көшет отырғызу жұмыстары сәуірде басталады. Қазір орманшылар тұқымдарын қамдап, техникаларын майлап, дайындалып жатыр.
Зеренді ауданындағы бұл орман шаруашылығы биыл 220 гектар жерді көгалдандыруды көздейді. Көбіне қарағай көшеттерін отырғызады. Жалпы шаруашылықтың өзінің шырша бүршігін кептіру цехы мен тұқымбағы бар. Жылына шамамен 1 млн қарағай көшетін шығарады.
Батырбек Байәділов, орман шаруашылығы директорының орынбасары:
- Алдымен питомниктен қазу жұмысын бастаймыз. Қазып алғасын, оны уақытша қоймаларға қоямыз. Әрі қарай екі орман шаруашылығы бар. Сол жерден жігіттер алып отырады. Біз көбіне қарағайды егеміз. Қайын мен терек те бар.
Орманшылар көшетті тұқымынан өсіреді. Оның өзі оңай шаруа емес. Себебі 100 тонна қарағай бүршігінен небәрі 1 тонна ғана дән алынады. Ал соңғы жылдары құрғақшылықтан тұқым тапшылығы туындаған.
Людмила Сонарова, орман шаруашылығының инженері:
- Біз былтыр екі тонна ғана шырша бүршігін жинадық. Жылдың басында оны толығымен өңдедік. Нәтижесінде қарағайдың 30 келі тұқымын алдық. Қазіргі уақытта тұқым жан-жақты тексеріліп жатыр.
Құзырлы орган өкілдері де көшеттердің өсу барысын қадағалайды. Себебі күтім болмаса, өскіндер қурап қалуы мүмкін. Жалпы облыс аумағында егілген көшеттің 80% өсіп жетіледі. Бұл – жақсы көрсеткіш, – дейді мамандыр. Сондықтан тұқым тапшылығы шешіліп, биылғы меже орындалады деп сендірді.
Қадыр Шәймерденов, аумақтық орман шаруашылығы инспекциясының бас маманы
- Бұл жоспар орындалады деп ойлаймыз. Өйткені бізде облыс бойынша 15 тұқымбақ бар. Оның жетеуі – түпкілікті тұқымбақтар. Осы жылы науқан негізгі үлкен аумақ, ол осы табиғи ресурстардың еншілігінде. Сондықтан бұл мекемелер осы жұмыстың уақытында атқарады деп есептейміз.
Көшеттердің жайқалып өсуі сапалы тұқымға байланысты. Осы ретте арқаның суығына шыдайтын ағаш тұқымдарын сұрыптау маңызды. Қазір өңірде екі тұқымбақ салынып жатыр. Қос нысанда жылына миллиондаған көшет дайындалады. Жалпы 2025 жылға дейін Ақмола облысында 225 млн түп ағаш егіледі деп жоспарланған.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.