Қонаев қаласында экологиялық акция ұйымдастырылды
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласы мен барлық ауданда «Бірге – таза Қазақстан!» экологиялық акциясы аясында 16 мың түп ағаш көшеті отырғызылды, деп хабарлайды 24KZ.
Жалпыоблыстық сенбілікке 25 мыңнан астам адам қатысты. Қонаев қаласының жастары мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері көл жағалауындағы демалушылар көп келетін орындар мен саябақтарды, көшелерді абаттандырып, «Барыс» монументінің маңайын қоқыстан тазартты. «Бірге – таза Қазақстан!» акциясы 5 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келеді. Ол жылына екі рет өтеді.
Жанна Әшімжанқызы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы:
- Бүгін Жаңарту күні болғаннан кейін облысымыздың бүкіл мекемелері сенбілікке шықты. Бізге бүгін «Барыс» монументінің маңайы берілді, учаске-учаске болып бөлініп. Қоқыс енді аса көп емес екен. Негізі былай таза, қатты көп емес, ағаш отырғызылып жатыр басқа жақтарда.
Қонысбек Ескендірұлы, Облыстық Экология департаментінің басшысы:
- «Бірге – таза Қазақстан!» акциясының негізгі мақсаты – табиғи ресурстарды үнемді пайдалану, мақсатты пайдалану, сапалы пайдалану жөнінде көңіл бөліп, қоршаған ортаға байланысты экологиялық проблемаларды халық болып, қоғам болып шешу. Қазіргі таңда экологиялық проблемалар – өте өзекті және өте күрделі мәселе.