Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада тегін тренингтер ұйымдастырылады
Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада оқырмандар үшін тегін тренингтер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылатын болды.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты мен кітапхана арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою кезінде айтылды. Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» деген болатын. Аталған меморандум осы бастамаға серпін берері сөзсіз.
Айта кетейік, электронды материалдарды қоспағанда 1 жарым миллион кітап қоры бар кітапханаға өткен жылдың өзінде 56 мың оқырман келген. «Интерактивті форматтағы жобалар бұл көрсеткішті еселейді», - дейді жиынға қатысушылар.
Ғазиза Нұрғалиева, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана басшысы:
- Мысалы, өткенде подкаст туралы шара жасадық. Ол жерге заң институтынан да келді, медицинадан да келді. Әдебиеттанушылар да келді. Қазіргі жастар, ХХІ ғасырдың жастары мен тек дәрігер екенмін не заңгер екенмін деп тұрмайды. Қосымша ілімді игеруге бейім.
Талғат Қалиев, қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директоры:
- Қақтығыстану, келіссөздер жүргізу, әртүрлі манипуляцияға кіріп кетпеудің жолдары, әлеуметтік желілерде жұмыс істеу, персоналдық брендті дамыту, эмоционалдық интеллект, әлеуметтік психология соның бәрінен бізде мамандар бар. Оқырмандармен кездесіп, қандай сұраныс болады, сұраныс бойынша сондай мамандар келіп, кездесу өткізіп, сұрақтарына жауап беріп тұрады. Қазір кез келген жерде тренинг өтіп жатады. Ол тренингтің бәрі ақылы. Бізде ол ақысыз. Тек қана кітапханаға келсе болды.