А. Қанатов: Вейп жарнамасы үшін жауапкершілікті күшейту керек
Елде вейп жарнамасы үшін жауапкершілікті қатаңдату керек. Парламентаризм институтының атқарушы директоры Алмас Қанатов осындай пікірде.
Естеріңзге сала кетейік, Сенат депутаттары вейпқа тыйым салу жөніндегі заң жобасын екі оқылымда қарап, оны Мәжіліске қайтарып жіберді. Бұл құжат елге вейп пен оған қажетті сұйықтықты әкелу мен оны сатуға тыйым салуды көздейді. Дәл осындай заң жобасын қазір әлемнің 70 елі қарап жатыр. Ал 30 мемлекет болса вейпты шегуге тыйым салған.
Айта кету керек, осы вейптардың таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін Президент те Ұлттық құрылтайда мәлімдеген болатын. Заң жүзінде тыйым салу бүгінде сәнге айналған, осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенім білдірді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» дегені ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет екенін де атаған болатын.
Алмас Қанатов, Парламентаризм институтының атқарушы директоры:
- Вейптар жөнінде 2020 жылдың 7 шілдесінде де денсаулық кодексінде айтылды. Бірақ бұл жерде тек профилактика жүзінде қарадық. Яғни, әкімшілік жауапкершілік қана болды. Қазір енді қылмыстық жаза тағайындалады. Екінші мәселе – бұл жарнама. Екеуіне де қатысты жауапкершілікті күшейту керек.