Он екі мүшенің кемдігі еңбеккер жанға кедергі емес
Он екі мүшенің кемдігі еңбек етемін деген адамға кедергі емес.
Түркістан облысы Сарыағаш қаласында тұратын Надыр Ярмугамедов қоларбаға таңылғанына қарамай мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Одан бос кезде қолөнермен айналысады. Ағаштан түрлі кәдесый мен балаларға ойыншықтар жасайды.
Мынау Надырдың ең алғашқы жасаған бұйымы. Ләйлек құс тұмсығымен ананың бойына біткен шарананың УЗИ түсірілімін әкеп тұр. Ол кезде қолөнерді енді ғана бастаған жасөспірімнің арнайы құралы да, станогы да жоқ болатын. Бірнеше ай ағаш бұйымды қолдан қашап, ойып шығарды.
Надыр Ярмугамедов, қолөнер шебері:
- Қолмен жұмыс істегенде ағашты шлифовка істегенде адамның миы демалады. Кішкентай кітап, ойыншықтарды көргенде сол маған шабыт береді. Балаларға да қызық. Соны ойлап, өзіме қызық нәрсе жасаймын.
Надырға ылғи да іні-қарындастарының қолындағы ойыншықтың қалай әзірленгені қызық болатын. Бала кездегі осы әуестік кейін хоббиге айналды. Сөйтіп, ағаштан бүлдіршіндерге арнап құрастырылмалы суреттері бар дүниелер жасай бастады.
Адолат Ярмугамедова, Надырдың анасы:
- Жатып істейді. Матрацты қойып берем. Қойшы десем, жоқ мен осыны істеймін деп өз бөлмесінда жатып істейтін. Ерінбейді. Мұндайды кез келген адам істей бермейді. Сау адамдар да жүр ғой, мысалы.
Кезінде хобби болған қолөнерді қазір Надыр кәсіпке айналдырған. Мемлекеттен алған грант қаржыға ағаш пен пластмассаны ойып, кесетін арнайы станок сатып алды. Соның көмегімен түрлі кәдесый және салтанатты думандарға тойбастар бұйымдарын жасайды. Инстаграм желісі арқылы тапсырыс қабылдап, жасағандарын да сол арқылы сатады. Әсіресе қазақы нақыштағы кәдесыйлар мен ойыншықтар жасағанды ұнатады.
Надыр Ярмугамедов, қолөнер шебері:
- Қазақша ертегілерден жақсы бір суретін салып, балаларға түсінікті, олардың асық ойнап жатқан, кейін әр қаланың, мысалы біздің Түркістанның көрікті жерлері бар, солардан пазл құрастырып шықсам деймін.
Қолы шебер жігіт шахмат пен дойбы да ойнайды. Одан қалса музыкамен де айналысады.
Бір аяғы 11 жасында семіп қалған Надыр әкімдікке қарасты Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінде жұмыс істейді. Өнерге құмар, өмірге құштар жан қай кезде де мұқтаждықпен келген адамдарға әрдайым көмектесуге әзір.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш