Қ. Сәтбаевтың 125 жылдығын тойлау басталды
Қазақ халқының біртуар перзенті, әлемге әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралардың алғашқы легі басталды.
Ғалымның аты берілген Елордадағы нөмірі 61-ші мектеп-лицейде "Әлем таныған Қаныш" республикалық ғылыми конференция өтті. Жиынға Қаныштану мәселелерімен айналысып жүрген зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері қатысты. Академиктің 125 жылдығы ел бойынша кең көлемде атап өтіледі. Ол үшін 52 бөлімнен тұратын жалпы республикалық жоспар қабылданған. Оның аясында үш қалада ғалымға арналған ескерткіштер ашылады. Павлодардағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы театр болса, көрерменге "Жүсіпбек және Қаныш" атты пьеса ұсынбақ. Ал академиктің туған күні 12 сәуірде Еуразия Ұлттық университетінде халықаралық ғылыми басқосу өтеді.
Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Он томдық шығармалар жинағы дайындалып болды, ол да биыл шықпақшы. Бұдан басқа бес томдық академиялық шығармашалар толық жинағы шықпақшы. Сонымен қатар қайтадан Қаныш Имантайұлына арналған энциклопедия екі тілде шығады деген ойдамыз. Одан басқа Қаныштың биографиясына байланысты алты тілде БҰҰ алты негізгі тіліне аударылып жатқан жайы бар.